ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы баяндай отырып, ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 210 млрд теңге қаражат бөлінгенін атап өтті. Аталған қаражатқа 13 мың ШОБ субъектілері қаржыландырылды, 10 мың жұмыс орны құрылды, 3,3 трлн теңгеге өнім шығарылды.
Бөлінген қаражаттың көп бөлігі — 126 млрд теңге немесе барлық соманың 60,2%-ы несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталған. Бөлінген қаражаттың 53 млрд теңгесі немесе 25,2%-ы фабрикалар, зауыттар мен шағын және орта бизнестің өндірістік объектілеріне жетіспейтін инфрақұрылым жүргізуге бағытталды. Қаражаттың қалған бөлігі кредиттерді кепілдендіруге, гранттар беруге, оқытуға және кәсіпкерлерге консультациялық қызмет көратуге бағытталды.
«Бағдарламаны іске асыру кезеңдерінде бөлінген қаражаттың толықтай игерілуі қамтамасыз етілді. Бұл ретте 2019 жылы қаржыландыруға 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда (57%-ға артық қаражат көзделген. 2019 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 715 жобаға қолдау көрсетілді, олар бойынша 11,5 млрд теңге сомасына субсидиялар мен кепілдіктер төленді», — деді Р. Дәленов.
Сонымен қоса, жыл сайын 20 мыңға жуық кәсіпкер білім алады және біліктілігін арттырады, 154 мың кәсіпкер консультациялық және сервистік қызмет алады.
2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 млн бірлікке жетті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8,3%-ға өсті.
Министр биыл Елбасының тапсырмасымен «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қолжетімді несиелеу міндетін шешу үшін 600 млрд теңге бөлінгенін еске салды. 65 экономкалық қызмет түрінен 365 тауарлық позиция айқындалды. Басым жобаларды несиелеу тетігі шеңберінде қазіргі кезге 283 млрд теңге кредит сомасына 282 өтінім дайындалу сатысында.
Бұдан басқа, ШОБ дамытуды одан әрі ынталандыру үшін кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдайлар тудыруға бағытталған бизнес-ортаны дамыту бойынша заңнамалық түзетулердің 7-ші пакеті қабылданды. «БЖК - 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту аясында қаржылай қолдау құралдарын жетілдіруге бағытталған түзетулер әзірленген.
Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында басым жобаларды жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын тиімді іске асыру үшін 2019 жылдың 18 наурызынан бастап «Атамакен» ҰКП базасында Бағдарламаны іске асыру барысына мониторинг жасайтын Жобалық офис қызмет атқарып жатқанын айтты.
«Бүгінде Жобалық офистің 7 отырысы өткізілді, отырыс аясында өңірлердегі 300-ден астам кәсіпорын тыңдалды. Жобалық офис жұмысында сомасы 306 млрд теңгені құрайтын 344 әлеуетті жоба бар, оның ішіндегі 6,1 млрд теңге болатын 10 жобаны екінші деңгейлі банктер мақұлдады, сомасы 16,6 млрд тг болатын 52 жоба екінші деңгейлі банктердің қарауында», — деді Р. Скляр. Банктерде қаралып жатқан әлеуетті жобалардың негізгілері жеңіл, тамақ өнеркәсібі және қызмет көрсету салаларынан.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы бойынша АӨК дамытуға бөлінген 200 млрд теңгеден 100 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға жұмсалатынын айтты. Онда мөлшерлеме «БЖК–2020» есебінен субсидияланады. Тағы 100 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталады — мөлшерлеме Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламасы бойынша субсидияланады, бюджетте аталған мақсаттарға қажетті қаражат бар.
Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға қатысты айтар болсақ, осы жылдың 1 ақпанынан бастап мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне сәйкес аталған субсидия тек қана электронды түрде жүзеге асырылуы тиіс. Ақпараттық-есеп орталығы «Транстелеком»-мен бірлесе отырып, инвестиция салып, Qoldau.kz платформасында субсидиялаудың электронды ақпараттық жүйесін әзірледі.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыру барысы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Павлодар облысының әкімі - Б. Бақауов баяндады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы А. Мырзахметов «Атамекен» ҚР ҰКП 2014 жылдан бері «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының төртінші бағыты - кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау бойынша оператор екенін атап өтті, оны келесі бағыттар бойынша іске асыруда: жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау, моноқалаларда, шағын қалалар мен аудан орталықтарында бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық қамтамасыз ету, «Бизнес-мектеп», «Іскерлік байланыстар», «Аға сеньорлар» жобалары. 20 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен 191 кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істейді. 2018 ж. бастап 138 мыңнан астам кәсіпкерлер бизнес-мектеп пен «Іскерлік байланыстар» құралы аясында тегін сервистік қызметтерді пайдаланды, 20 914 кәсіпкер оқытылды, тікелей кәсіпорындарда кеңес беру үшін табысты жұмыс тәжірибесі бар 64 біліктілігі жоғары шетелдік маманның эскперттік миссиясы іске асырылды.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайылов «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау бағдарламасы ел экономикасын дамытуда маңызды құрал екенін атап өтті. Бағдарламаның арқасында елімізде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бизнесті қолдау құралдарын қайта қарастыру нәтижесінде 2025 жылға дейінгі бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламасы әзірленетін болады, ол 1 қыркүйекке дейін қабылдануы тиіс.