11 там, 2021 сағат 20:15

2 млрд түп тал отырғызу жобасы: Шет мемлекеттерден көшет алынбайды


Қазақстанда 2 млрд тал отырғызу жобасына 200-ден астам орман тәлімбақтары мен басқа да ұйымдар қатысады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта ҚР Экология министрлігі еліміздің ауқымды көгалдандыру жобасын іске асыруда. Оның аясында 5 жылда 2 млрд тал отырғызу көзделген. Жоба басталған сәттен бері 81,5 млн тал отырғызылды. Күзде тағы 48,2 млн тал отырғызу жоспарланған. Ағаш отырғызу көлемі жыл сайын 2021 жылғы 129,7 млн-нан 2025 жылы 642,8 млн ағашқа дейін ұлғаятын болады», - деп хабарлады комитет. 

Жобаны жүзеге асыру үшін министрліктің барлық облыстары мен ведомствоға қарасты мекемелерінде ормандарды молықтыру мен өсірудің 5 жылдық кешенді жоспары бекітілді. Оларды әзірлеуде қолданыстағы тәлімбақтардың және көшет өсіретін басқа ұйымдардың қазіргі әлеуетіне талдау жасалды. 

Осы деректерге сәйкес, ағаштар мен бұталарды отырғызу жұмысы бойынша жоспарлы көрсеткіштер әзірленді. Облыстарда материалдар жеткілікіз болса, жоспармен жұмыс істеп тұрған тәлімбақтарды кеңейту және уақытша тәлімбақ құру көзделген. Сондай-ақ, орман дақылдарының тұқымын жинау көрсеткіштері ескерілген. 

«Бүгінде Қазақстанда орман дақылдарының отырғызу материалдарын көбейту мен өсіруді жүзеге асыратын 44 тұрақты және 158 уақытша тәлімбақтар мен ұйымдар жұмыс істейді. Онда қарағай, шырша, балқарағай, қайың, шегіршін, сексеуіл, үйеңкі, шаған, емен және басқа да ағаш түрлерінің 1-3 жастағы көшеттері бар. Барлығы – 165,5 млн дана. Айта кетейік, жобада басқа елдерден көшет сатып алу қарастырылмаған», - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті. 

Еске сала кетсек, Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттер қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 млн гектарды құрайды. Яғни республикамыздың 11%-ын ғана алып жатыр. 13 млн гектар жерде орман өсуде. Ормандылық көрсеткіш 4,8% құрайды. 2030 жылға қарай елдегі орман алқабы көлемін 5%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Комитеттің хабарлауынша, шамамен 610 мың сексеуіл, 555 мыңнан астам қарағай, 193 мыңнан астам үйеңкі, 132 мыңнан астам шегіршін, 100 мыңнан астам қайың және басқа да ағаштар отырғызу жоспарланған.