Фото: ашық дереккөз
Қазақ мәдениеті – қазіргі қоғамды ортақ құндылықтар аясына топтастырып, халқымызды біріктіретін діңгегіміз.
Cол себепті 17 наурыздың тақырыптық мазмұны мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған. Бұл ата-бабаларымыздың рухани және мәдени тыныс-тіршілігін толық сезінуге мүмкіндік береді.
Қазақ халқының Наурыз мерекесімен байланысты көптеген әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар.
Бата беру - қазақ халқының ежелгі және маңызды дәстүрінің бірі. Батада қазақтың салт-дәстүрі, адамгершілік келбеті, ұрпағын тәрбиелеуге негізделген арман-мақсаты көрініс тапқан. Батадағы ғибратты сөздер салиқалы әрі көркем мінезді болуға шақырады. Біреу жолға шығарда немесе қиындыққа тап болғанда өмірлік тәжірибесі мол адам оған бәле-жаладан аман болуын тілеп, бата береді. Бата адамды бақытсыздықтан, жаман әрекеттерден қорғайды, жарқын болашаққа жол ашады деп саналады.
Наурыз батасын ақсақалдар мереке күндері наурызкөжеден дәм татарда үй иесіне, айтыс, жарыс жеңімпаздарына, сондай-ақ тойдың барлық қонағына арнап береді. Наурыз күндері алған батаның қасиеті де ерекше болады деген сенім бар.
Ақсақалдар бата бергенде алақандарын жайып, кеуде тұсында ұстайды, басқалар да осы қалыпта тұрады. Бата аяқталғаннан кейін барлығы бетін сипайды.
Наурыз батасының маңызы зор екені мақал-мәтелдерде де айтылған.
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда олжалы жол болар.
Наурызда берілетін бата-тілектердің үлгілері:
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Өркенің өссін!
Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!
Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!
Айың тусын оңыңнан,
Жұлдызың тусын солыңнан!
Бақ берсін, Қыдыр қолдасын!
Шашу - қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрпы. Сыйлы қонақтар келгенде, қуанышты оқиғалар кезінде жақсы тілектер айтылып, кәмпит пен тиындар шашылады. Шашуды үй иесінің әйелі немесе жақын туыстары шашады. Бұл рәсім жақсылық пен рақым аспаннан шашу сияқты жаусын деген ниетпен жасалады. Қонақтар шашуды ризашылықпен жинап, алып кетуі керек.
Сарқыт - беделді бір кісінің жолы немесе жақсы бір нәрсенің қасиеті жұғысты болсын деген ниеттен туындаған қазақтың көне дәстүрінің бірі. Той аяқталған соң, қонақтар үйлеріндегі туыстары мен балаларына ауыз тигізу үшін бата беріліп, дұға оқылған мол дастарқаннан тәтті мен бауырсақ алған. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді.