Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Қазақстандағы ЕО мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің өкілдерімен ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Марат Шоранов Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің өкілдерімен онлайн-кездесті.
Жүздесуде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ЕО-ға мүше мемлекеттер арасында денсаулық сақтау және фармация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобын құру және Денсаулық сақтау министрлігі мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы 2021-2022 жылдарға арналған Жол картасының жобасы талқыланды.
«Министрлік Еуропалық Одақ елдерімен денсаулық сақтау саласындағы, әсіресе COVID-19 пандемиясымен күресте серіктестікке үлкен мән береді. Эпидемия COVID-19 таралуын тоқтатуда халықаралық ынтымақтастық, өзара іс-қимыл және қолдаудың маңызын көрсетті», - деді М.Шоранов.
Ол осы мүмкіндікті пайдалана отырып, COVID-19-ға қарсы күресте гуманитарлық және консультативтік көмек көрсеткені үшін Еуропалық аймақ елдеріне алғыс айтты.
Бірінші вице-министрдің пікірінше, мұның бәрі ұйымдар арасындағы серіктестік қатынасты, сондай-ақ пандемияға қарсы халықаралық ынтымақтастықты көрсетеді.
Шоранов қазір Қазақстанда өңірлердегі шектеулерді күшейту немесе жеңілдету туралы шешім эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданатынын айтты.
Яғни, енгізілген қатаң шектеу шараларының арқасында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталды.
Сонымен қатар, қазір халыққа тест қолжетімді, дәрі бағасын тұрақтандыру қоры құрылды, науқастармен байланыста болған адамдарға мониторинг жүргізіледі, ақпараттық технологиялар енгізілді, халықты ақпараттандыру бойынша жұмыс жанданды, тәулік бойы режимде Call-орталықтың қызметі ұйымдастырылды.
1 ақпаннан бастап Қазақстанда халықтың тиісті топтарына жататын коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация басталды.
Ол вакцинаның түсуін және халықтың түрлі топтарының эпидемиологиялық маңызын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізіледі.
«15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешенінің «V Спутник» вакцинасы тіркеледі. Жаңа коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды қолдану мәселесін талқылау үшін шетелдік серіктестерді тарту ісі белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ, «QAZCOVID-IN» отандық инактивтендірілген вакцинасын әзірлеу жұмысы жүріп жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ЕО-ға мүше мемлекеттер арасында денсаулық сақтау және фармация саласындағы ынтымақтастық бойынша жұмыс тобын құруға мүдделіміз», - деді Шоранов.
Осыған байланысты, ҚР мен Еуропалық Одақ арасындағы 2025 жылға дейінгі кеңейтілген базалық әріптестік туралы келісімге сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау және фармация жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде бірлескен ынтымақтастықты жандандыруға және МСАК, ЖТМҚ, ғылым және медициналық білім беру мәселелері, МЖӘ тетігі бойынша медициналық объектілер құрылысы, қоғамдық денсаулық сақтау/санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық, IT сияқты бағыттар бойынша жол картасын орындауға мүдделі.