26 қар, 2020 сағат 08:48

12 облыс аумағында киіктерді қорғау акциясы басталды

Қазақстанда кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды. Ол 31 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

«Киік» акциясы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткізіледі. 

«Киік» акциясына «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның Жануарлар дүниесін қорғау қызметінен 224 инспектор, 68 жол талғамайтын автомашина, 37 КУНГ, 23 қарда жүретін көлік, 2 «Берлога» вагоншасы (ОӨФ, БӨФ) жұмылдырылады. «Охотзоопром ӨБ» РМҚК бас директорының тапсырмасына сәйкес, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен жануарлар дүиесін есептеу және мониторинг бөлімдерінен инспекторлар жұмылдырылады», делінген хабарламада.

Бұдан басқа әрбір өңірлік филиалда облыстық аумақтық инспекциялар мен ІІМ өкілдері қатарынан (1-31 желтоқсан аралығы) бірлескен мобильді топтар жұмыс істейді. Сондай-ақ пандемия кезеңінде әкімдіктің келісімімен белгіленген карантин блок бекеттерде «Киік» кең ауқымды акциясы бойынша бірлескен іс-шара жүргізілмек. 

Еске сала кетсек, 2019 жылы киіктерді заңсыз атқан браконьерлерге қатысты 47 факті анықталып, 641 ұша мен 284 киік мүйізі тәркіленді. 203 әкімшілік хаттама толтырылып, қылмыстық жазаға 43 заң бұзушы тартылды. Табиғатқа 3,3 млрд теңге шығын келген.

Айта кетейік, 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда браконьерлікке жаза едәуір күшейтілген.