19 шіл, 2021 сағат 14:35

«100 жаңа есім»: Санжар Тайжан қалай танымал болып кеткенін байқамай қалғанын айтты



«100 жаңа есім» байқауының төртінші кезеңінің жеңімпазы, Warwick Boring негізін қалаушы әрі бас инженері Санжар Тайжан мұндай танымалдылыққа тез жететінін білмеген.  Арнайы марапатқа ие болған жас инженер өз жетістігі туралы әңгімелеп берді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Қазір Санжардың жасы 23-те. Ол бала кезінен сандармен жұмыс істегенді жақсы көріпті. Кішкентай кезінен көліктердің нөмірлерін жаттап алатын болған. Кейін мектеп қабырғасына келгенде математика мен физика пәндерін сүйіп оқиды. Бұл құштарлық Санжарды үлкен жетістікке жетелейді.

«Сізге бір қызық айтайын, мен 2013 жылы Эшли Вэнстің «Илон Маск: Tesla, SpaceX  және фантастикалық болашақты іздеу» атты кітабын оқыдым. Бұл кітап әлемге әйгілі кәсіпкердің өмірі туралы кітап еді. Осыдан кейін мен инженерлікке қызығып, осы жолға біржола бет бұрдым. Ал өзім оқыған Масктің «біздің әрқайсымыз әлемге өз саламызда жаңа нәрсе беруіміз керек деп есептеймін» деген сөзін өзіме тұмар етіп тағындым да, мен не бере аламын деген сұрақтың жетегінде жұмыс істедім», - дейді Санжар Тайжан.

Осылайша ол 2015 жылы Кембридждегі Bellerbys колледжінің A деңгейіне оқуға түседі. Одан кейін екі жылдық бағдарлама ары қарай әлемнің жетекші университеттеріне құжаттарды тапсыруға мүмкіндік берді. 2017 жылы ол Ұлыбританияның үздік 10 университетіне кіретін Уорик университетіне және QS мәліметі бойынша әлемдегі үздік 60 университеттің қатарына кірді.

«Осындай жетістіктерім менің ата-анамды ғана емес, елімді де қуанта бастады. Бұл маған шабыт сыйлады. Осылайша үлкен командамен алға қойған мақсатқа жете бастадық. Биыл «100 жаңа есім» жобасына ұсынылып, еңбегіміздің арқасында жеңімпаз болып жатқан жайымыз бар. Мен бұлай тез танымалдылыққа ие боламын деп ойлаған жоқ едім. Бәрі өз ретімен, қызық орындалып келе жатыр. Мені осы атаққа лайық деп таныған еліме зор алғысымды білдіремін», - дейді Санжар Тайжан.

Айта кетейік, «100 жаңа есім» жобасы 2017 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм мен білімге табыну идеяларын әртүрлі мамандықтағы нақты адамдардың арқасында іске асуда. Төрт жылдың ішінде жобаға 7 мыңнан астам адам қатысты, олардың 163-і жеңімпаз атанды. 46-сы – алматылықтар. Байқаудың төртінші кезеңінде барлық жеті сала бойынша («Қоғам», «Мәдениет пен спорт», «Медицина», «Ғылым мен инновация», «Бизнес», «Экология» мен «Білім») үш мыңға жуық қазақстандық өтінім берген, арасында 9 алматылық финалис бар. Оған кәсіпкерлер, ғалымдар, журналистер, спортшылар, мұғалімдер мен еріктілер қатысқан.

Биыл Алматы қаласынан «100 есімге» енгендердің ішінде ҚазҰАУ халықаралық вакцинология орталығының директоры, профессор Қайсар Табынов, жаңашыл әрі табысты кәсіпкер Таир Баталов, профессор, журналист әрі «Тұран-ТВ» телеарнасының жүргізушісі, Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ оқытушысы Мадина Әшімова, фотограф, «OKO STUDIO» негізін қалаушы Данияр Сәрсейұлы, АҚШ-тағы хоккей клубының жаттықтырушысы, Princeton Tiger Lilies командасының бас жаттықтырушысы, спортшы әрі хоккей шабуылшысы Бұлбұл Картанбай, стартапер, Warwick Boring негізін қалаушы әрі бас инженері Тайжан Санжар, химия пәнінің мұғалімі, жапондық аниме «Наруто» арқылы мектеп пәнінен сабақ беретін Ұлан Үсенов, Kzphdgirlsunion еріктілер жобасының негізін қалаған, Carl Zeiss компаниясындағы экстремалды УК-лифтография саласындағы ғалым Әмина Мирсакиева және АҚШ-тағы Qazaq time жобасының жүргізушісі Данияр Қожан бар.

Естеріңізге сала кетейік, біздің бүгінгі кейіпкеріміз «100 жаңа есім» байқауының төртінші кезеңінің жеңімпазы, Warwick Boring негізін қалаушы әрі бас инженері Санжар Тайжан мұндай танымалдылыққа тез жететінін білмеген.  Арнайы марапатқа ие болған жас инженер өз жетістігі туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, 2013 жылы Эшли Вэнстің «Илон Маск: Tesla, SpaceX  және фантастикалық болашақты іздеу» атты кітабын оқыған. Бұл кітап әлемге әйгілі кәсіпкердің өмірі туралы кітап еді. Осыдан кейін ол инженерлікке қызығып, осы жолға біржола бет бұрған. Ал өзі оқыған Масктің «біздің әрқайсымыз әлемге өз саламызда жаңа нәрсе беруіміз керек деп есептеймін» деген сөзін өзіме тұмар етіп тағынып, мен не бере аламын деген сұрақтың жетегінде жұмыс істеген.