17 нау, 2021 сағат 14:14

100 жаңа есім - Баһаргүл Төлеген: Қазақтың ұлттық құндылығын насихаттауға екпін қоямын

«Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, коллекционер-этнограф Баһаргүл Төлеген алдағы жоспары жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жоба («100 жаңа есім») туралы менен сұхбат алуға келген журналистерден естіген болатынмын. Сұхбат барысында менің осы жобаға қатысып көруіме болатынын айтып, ой салды. Кейінірек, жоба туралы ізденіп, оқып көрдім. Жобаға қатысу үшін қойылған талаптарға сай болғандықтан, қатысып көруге бел будым. Менің ойымша, бұл жобада менің ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміздің барынша сақталып, жаһандану заманында жұтылмау үшін ұлттық құндылықты насихаттап жүргенім баса назарға алынды. Оған қоса, Қазақстанда тұңғыш рет жеке мұражай ашқаным есепке алынған болу керек. Қазіргі «Әдемі-ай» музейі Әділет министрлігінде тіркелген тұңғыш жеке музей болып отыр. Бұл 15 жыл бойы антиквариат, тұрмыстық заттар және күміс зергерлік бұйымдарды іздестіру мен ұйымдастырудың нәтижесі. Оның ешбірін сатпаймын. Өскелең ұрпаққа көрсетуге жыл сайын «Ұлт жауһарлары» деген көрмені ұйымдастырып, қазақтың көне өнерін халық арасында насихаттап, оның ұмытылмауы үшін қызмет етіп келемін. «Ұлт жауһарлары» деген фотоальбом да шыққан еді», - деді Баһаргүл Төлеген. 

Оның айтуынша, антиквариат, тұрмыстық заттар және зергерлік бұйымдар саласына, кәсіпке деген қызығушылығым бала кезден бастау алған. 

«Әдемілікті бала кезден жақсы көремін. Одан кейін, студент кезімде де тарих және этнографияға қызығушылық таныттым. Қытай антиквариаттық бұйымдары сақталған мұражайларға жиі баратынмын. Оқуымды аяқтаған соң, Қазақстанға келдім. 90 жылдар аумалы-төкпелі кезең еді. Сол кезде бизнесімді бастадым. Ол кезде бос тұрған саланы толықтырдым десем де болады. Ол кезеңде халықтың салт-дәстүрі әлсіреп қалған еді. Мәдени құндылықтарды насихаттайтын адам керек болды. Сондықтан осы бизнесті ұлтжанды азамат ретінде бастадым деп айтуға болады. Осылайша, өзім сүйген және жүректің қалауымен осы кәсіпті бастадым», - деді ол. 

Осы орайда Б. Төлеген нарықта табысты болу, аталған «Әдемі-ай» сауда белгісін өміршең етуді, ғасырлық етуді армандайтынын айтты. Ұлттық кәдесыйлардың саны артып, халықтың сұранысына жауап беру үшін жұмысын жалғастыра бермек. Ұлттық кәдесыйларды күнделікті өмірде қолдануын қамтамасыз етіп, әлемге ұлттық құндылық пен жәдігерлерді паш етуді көздеп отыр.

«Дүниежүзіне қазақтың ұлттық құндылығын насихаттау елдіктің белгісі деп ойлаймын. Сондықтан осы жолда тынбай еңбек етуді жалғастырамын. Жалпы, жобаға қатысқаныма қуаныштымын. Себебі, еңбегімнің еленгенін байқап, қанат біткендей болды. Күш-қуатымды арттырды. Ол жобада «100 жаңа есім» болып халыққа танылғандардың қатарында болғаным мен үшін үлкен мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Бұл жоба менің халық арасында танылып, ұлт жанашыры, халқымызды салт-дәстүрін насихатап жүрген адам ретінде халық сүйіспеншілігін алдым десем артық болмас», - деді Баһаргүл Төлеген.