"Әуежай Астана" кеден бекетінде 100 миллион теңгеден аса қаражат пен алтын құймасын заңсыз әкету деректері анықталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, сәуір және мамыр айларында Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Әуежай Астана" кеден бекетінде кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде 100 миллион теңгеден аса сома ақшалай қаражатты, сондай-ақ бір құйма тазартылған алтынды заңсыз әкету деректері анықталған.
Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірлесе жүргізілген шаралар нәтижесінде, «Астана-Анталия» әуе рейсін тексеру кезінде 118 392 доллар, 28 750 рубль, 92 885 еуро сомасында декларацияланбаған қолма-қол ақшасы бар азамат тоқтатылған.
"Қаржы министрлігі жеке тұлғаларға Қазақстаннан 10 мың доллар баламасынан асатын қолма-қол шетел валютасы мен шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге, сондай-ақ тазартылған алтынды әкетуге тыйым салынғанын еске салады.
Бұл ретте мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделеді" - делінген хабарламада.
687 рет оқылды