13 там, 2022 сағат 14:26

"100 миллион теңге". Бекболат Тілеухан тағы бір мәлімдеме жасады


Белгісі саясаткер, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан тағы бір мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"Мен Ыстамбұлдамын. Біреулер айтқандай қашып жүрген жоқпын. Мен неге қашуым керек? 29 желтоқсанда Парламенттен ресми түрде кеттім. Ел оны неге ұмытып қалды, білмеймін", - дейді ол. 

Сонымен қатар, Бекболат Тілеухан өзіне жала жапқандарға үн қатты. 

"Азаматтық мемлекет болғандықтан сотта кездесіп, осы мәселелерді талқылауға тура келеді. Сотқа беремін. 100 миллион талап етемін деп ойлап отырмын. Оның бәрін, бір тиынын да қалтама баспаймын. Қазақстан халқын қолдау қорына жіберемін, сосын отандастарға жібергім келеді. Бір қазақ болса да, сырттан келетін қазақтарға көмек ретінде жіберемін", - дейді саясаткер.  

Айта кетейік, жақында әлеуметтік желілерде Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алуға өтініш бергені туралы хабар тараған болатын. БАҚ-тар ақпаратты дереккөзге сілтеме жасап жариялаған еді. 

Тілеухан бұл жалған ақпарат екенін айтып, оны таратқандарды сотқа беретінін мәлімдеген болатын.