Индонезия соңғы 15 жыл ішінде топырақ қабатының шөгуі және теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты, құрлықтағы 29 мың гектардай жерінен айырылды.
Бұл Джакартаның ауданымен пара-пар. Бұл жайлы The Jakarta Post газеті жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Елдің Теңіз істері және балық шаруашылығы министрлігінің деректеріне қарағанда, Ява аралындағы жағдай қатты алаңдатады. Аралдың солтүстік жағалауындағы жер күшті эрозияға ұшыраған.
Бұған теңіздің қуатты толқындары, сонымен қатар жергілікті тұрғындардың шаруашылық қызметі де әсер етіп отыр. Кесілген ормандар мен плантациялардың орны жылдам эрозияға ұшырап барады.
Сарапшылардың айтуынша, Джакартада топырақ қабаты жылына 10-25 см шөгеді. Билікті алаңдататын тағы бір жайт, қала аумағының 40%-ға жуығы онсыз да теңіз деңгейінен төмен орналасқан. Егер жағдай оңалмаса, 2030 жылға қарай Джакарта толықтай су астында қалуы мүмкін.
Қазіргі таңда Джакартада он миллионға жуық халық тұрады.