12 жел, 2020 сағат 08:55

1 жылдық үзілістен кейін. АҚШ санкциялаған Nord Stream 2 құбырының қалған бөлігі салына бастады

Ресей газын Германияға жеткізетін Nord Stream 2 газ құбырының салынуы қайта жалғасты. Бұл туралы 11 желтоқсан күні жоба менеджерлері мәлімдеді.

Мәлімдемеде ресейлік "Фортуна" кемесінің құбырдың Балтық теңізінің Германияға тиесілі бөлігіндегі 2,6 шақырымдық бөлігін салып жатқаны хабарланды.

Дәл осы күні Германияның су жолдары және кеме қатынасы басқармасы теңізшілерге құрылыс аймағын айналып өту керек екенін хабарлады. Басқарма құбыр салынатын аймақта балық ұстауға не зәкір тастауға тыйым салды.

Ресей газының Германияға тасымалын екі есе арттыруы тиіс 11 миллиард долларлық бұл газ құбырының салынуы 2019 жылдың соңында АҚШ санкциясынан кейін тоқтап қалған. Вашингтон газ құбырын салуға қатысы бар компаниялардың мүлкін бұғаттап, виза шектеуін енгізетінін мәлімдеген.

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Германияны және Еуропаның бірқатар өзге елін Ресей жанар-жағармайына тәуелді болып барады деп қатаң сынады. Польша, Украина және Балтық елдері де газ құбырына қарсылық білдіріп, Мәскеу бұл құбырды саяси қысым көрсетуші үшін пайдаланады деді.

АҚШ-тың Берлиндегі елшілігі 5 желтоқсан күні Германия үкіметін газ құбырын салуды тоқтатуға шақырды.

"Германия мен Еуроодақ құбырдың құрылысына мораторий жариялауға шақыруы тиіс" - деді 5 желтоқсан күні елшілік өкілі Робин Куинвилл (ханым) Handelsblatt газетіне берген сұхбатында.

Газ құбыры жобасындағы негізгі үлес Ресейдің мемлекет бақылауындағы "Газпром" компаниясына тиесілі. Жобаға Shell британ-нидерланд мұнай компаниясы, Германияның Wintershall және Uniper groups, Францияның Engie, Австрияның OMV компаниялары да қатысып жатыр.

Құбырдың теңіздің Германияға қарасты бөлігіндегі 16 шақырылымы, Данияға қарасты бөлігіндегі 60 шақырымы әлі төселмеген.

Nord Stream 2 газ құбырын 2020 жылдың басына қарай аяқтауды көздеген Ресей АҚШ-ты энергетикалық санкцияны өзінің газы мен мұнайын көбірек өткізу үшін "қару" ретінде пайдаланып отыр деп айыптады.

АҚШ санкциясынан кейін Ресей президенті құбырдың 2021 жылдың басына қарай аяқталатынына үмітті екенін айтты.

Nord Stream 1 газ құбыры 2011 жылы іске қосылды.

Азаттық