27 мау, 2019 сағат 08:10

Бас санитар: Арыс қаласында ешқандай радиация жоқ

Түркістан облысында БАҚ өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин тілшілердің сұрақтарына жауап берді, – деп хабарлайды Ұлт ақпарат.

Кездесуде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев алдағы үш күнде эвакуациялық қабылдау орталықтарының жұмысын күшейтіп, гуманитарлық көмек беру шарасы жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ, Арыс қаласындағы нысандар қалпына келтіріліп, тұрғындардың жағдайы жасалатынын жеткізді.

Брифинг барысында сөз алған еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин жарылыс болған теміржолшылар қаласында дезинфекция жұмыстары жүргізілетінін айтты.

«Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланады. Қаладағы ауыз су жүйесі қатаң қадағаланады. Су құрамы, құбырлар тексеріледі. Эвакуациялық орындарда да мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. Жалпы Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты» Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар ветеринар мамандар Арыстағы үй ауласында қалған төрт түлік бойынша жұмыс жүргізетінін жеткізді.  Өлген мал залалсыздандырылып, заңға сәйкес өтемақы беру жолдары қарастырылады.