15 мам, 2019 сағат 08:00

Алашқа тірек болған бай Әбдірахман

   
Былтыр және алдыңғы жылы, Алаш Орданың 100 жылдық мерейтойы өткен кезде, қоғамымызда Алаш үкіметін құрған зиялы қауым туралы ғана емес, Алаш қозғалысына қолдауын көрсеткен демеуші меценаттар жөнінде біраз әңгіме айтылды, ұмытыла бара жатқан есімдері аталды. Сол демеушілердің тізіміндегі бірі – cемейлік кәсіпкер Жүсіпұлы Әбдірахман.

Алаш меценаттары туралы деректерді Сұлтан Хан Аққұлы терең зерттеп, бұл тақырыпты қоғам алдында бірнеше рет көтерді. Алаш қозғалысының  іс-қимылына қолдауын көрсеткен дәулетті адамдар, табысты кәсіпкерлер туралы көп мәліметті Ерлан Сыдықовтың, Мұрат Кенемолдинның еңбектерінде табуға болады. Алаштың баспасөзінің негізін қалауына, әскерді қамтамасыз етуіне қаржы бөліп, Семейдегі үйінде Алаш үкіметінің отырыстарын өткізуіне мүмкіншілік берген Қаражан Үкібаевтың тағдыры туралы құнды құжаттарын мұрағаттардың түбінен қазып тапқан, кітабында жариялаған Болатбек Нәсеновтың еңбегі зор. Тері, былғары, ет өнімдеу саласында «нарықтың патшасы» болып саналған кәсіпкер Қаражанның өмірі әлі зерттеушілерінің ұшқыр қаламын күтіп отыр.

Келесі жылы Алаштың демеушісі Мұхаметхан Сейітқұловтың 150 жылдығы тойланады. Бұл кісінің үйі де Қаражанның үйіндей Ертістің сол жағында орналасқан. Мұхаметханның үйі де талай Алаш зиялыларын көрген. Сейітқұлдың Мұхаметханы да Алаш үкіметінің жанашыр демеушілерінің бірі еді. Сол кезде қазақша Алаш қала, орысша Заречная слобода деп аталатын жерінде, қазіргі Жаңа Семейдің Мұхтар Әуезов көшесінен Ертіске қарай төмен түсетін жақта Алаш үкіметінің кеңселері, ғимараттары кәсіпкер-саудагерлерінің үйлерінде орналасқан. Қазіргі таңда, өкінішке орай, Тінібай мешітінің жанында тұрған Мұхаметханның үйі де, қасындағы саудагер Александр Ерыкаловтың, Қаражан Үкібаевтің, Әбдірахман Жүсіповтің үйлері де жоқ. Қаңқалары да қалмаған, тұратын орны ғана бар. Семейдегі Алаштан қалған жалғыз мұра – Ертістің оң жағында орталық, Таткрай жақта тұратын Әнияр Молдабаевтың үйі, Алаш арыстарының мұражайының ғимараты. Ал, Жаңа Семейдегі Алаш үкіметінің жалғыз куәгері – Тінібай мешіті. Сол мешіттің маңайында бой көтерген Мұхаметханның, Қаражанның, Әбдірахманның үйлері – Алаштың Ордасының жүрегі еді, ал бұл үйлердің иелері болса, сол заманның кәсіпкерлері, саудагерлері, меценаттары – Алашқа жан ашитын тіректері еді.

Әбдірахманның үйінде Алаштың тілі, көзі, құлағы болып саналған «Сарыарқа» газетінің, «Абай» журналының басып шығаратын «Жәрдем» баспаханасы орналасқан (газет-журналдың демеушісі, Семейде баспахана және баспасөзіне зор үлесін қосқан азамат Қаражан еді). Оған қоса, Мұхаметханның, Қаражанның, Ерыкаловтың үйлеріндегіндей Алаш үкіметінің мемлекеттік маңызы бар мәселелері талқыланатын отырыстары өтті. Әбдірахманның үйі екі қабатты, он бөлмелі, қызыл кірпіштен қаланған еді. Оның мекен-жайы қазіргі Өтепбаев көшесі, 50-інші үйне сәйкес еді. Бұрын бұл көшенің аты Свободная еді. «Океан» базары мен Ертіс өзенінің арасында, жекеменшік үйлер секторы мен жаңа салынған тоғыз қабатты үйлерінің орнында тұратын еді.

Әбдірахман Жүсіпұлының арғы атасы Олжашы батыр еді. Олжашы батыр Есімханның қолбасшысы болып, қатаған қырғыны, Есім ханға қастаңдық жасап билікке таласқан Тұрсын ханды тақтан құлатуы, 1628 жылы Түркістанды азат етуіне, Ташкент алынуына қатысқан. «Хан Тұрсынды ант ұрсын» деген ұранмен Есім ханды қолдаған топ батыр – азаматтарының (оның ішінде Шаншар абыз, Шақшақ батыр, Тобықты Сары – Әлі батырлары, Марғасқа мен Жиембет жырау бар) басында тұрған Олжашы, 17 ғасырдағы қазақтың бас батырлары Алатау, Қарасай, Жалаңтөс баһадүр сияқты есіл ерлердің қатарында қазақтың хас батыры деп атанған.

Оның ұрпағы, Әбдірахманның бергі атасы – Көзберген бақсы. Көзберген емші, шипагер, балгер, даланың дәстүрлі медицинасының жетік меңгерген тұлға, бақсылардың соңғы тұяғы еді. Қорқыттан мұра боп қалған қобызды тартқан Көзберген өз заманының Қойлыбайы еді. Ықылас, Тілеп қобызшылар бірінші кезекте сазгерлер болса, Көзберген қобызшы тәуіп-дәрігер, шипагер, бақсы еді. Гипноздың құдіретін біліп, трансқа түсіп, қобызын мистикалық аспап ретінде көріп, Көзберген бақсы Шоқан Уәлихановтың жазған даладағы шаманизм қалдықтары туралы мақаласының кейіпкеріндей еді. Арғықазақ, көк түрік аталардан қалған тәңіршіл, бақсылық рәсімдерінің элементтерін емдеу, дәстүрлі медицинаның мақсатында пайдаланған Көзберген Бабыр Байқонақ, Құрманбай абыз, Құртқа тәуіп сияқты әйгілі шипагер еді.

Көзбергеннің немересі Жүсіп қажы болса, атадан қалған қобыздың қылына жоламай, бақсылық тәңіршіл рәсімдерін орындамай, шариғаттың жолымен жүріп, Ісләм дінінің бес парызын толығымен орындап, намаз мен оразасын тастамаған, қажылыққа барған тақуалы жан еді. Бір әулеттің тарихы қазақ елінің тарихыменен сабақтас, елімізде дін мен дәстүрдің бірге қосылып қарама қайшылықсыз бірге жүргендігін, халықтың наным-сенімдерінің трансформациясын анықтайды. Жүсіп мырза Өндірбай халфе мен Құқнанбай, Ноқа мен Ботақан қажының жолын куып қажылыққа барған азамат еді.

Алланың, пайғамбардың дінінің талаптарын орындаған Жүсіп жомарт, парасатты, қолы ашық, ағайын-туыс, көрші-қонақтарға, кедей-мұқтаждарға қолында барын беруге аямайтын жан еді.

Әбдірахман болса жастайынан өз заманына сай кәсібімен айналыса бастады.

Семейде сауда жүргізіп, ауылдан қалаға мал өткізіп, экономикалық хаб-оазисы болып саналған Семейдің төрінде дүкен ашып, көтерме мата сатуымен айналысқан. Сібір мен Түркістан, Ресей мен Қытайдың арасындағы керуен жолдарының қақ ортасында орналасқан Семей қаласы, Ұлы даланың сауда қақпасы еді. Бұл базардың төрінде орнын алған Әбдірахман жас кезінен табысты кәсіпкер ғана емес, дінге де, өнерге де, жаңа заманның лебіне де, меценаттық іс-қимылына да жақын еді. Әбдірахман Жүсіпұлы сауатты адам еді. Кітап оқуын жақсы көріп, өзі де өлеңдерін жазған. Қазан қаласында ғибратқа толы бірнеше қиссыларын басып шығарған. Баспасөздің, баспахананың, оқу-ағартудың маңызын, халық үшін қажеттілігін ерте түсінген Әбдірахман кітап шығаруына ат салысып, қаражатын аямаған.
Жиырма алты жасында «Ораз молла», кейін «Өндірбай халфе» қиссыларын Қазанда басып шығарған Әбдірахман діни үгіт-насихатына, қазақ әдебиетіне, оқу-ағартуына үлес қосам деген ниетпен жүрген.

Әкесі Жүсіп қажы қайтыс болғанда: «Қажекем, менің қорғаным, кім болар енді қор малым? Ажалға себеп сол болған, өтірік дәрігер бір залым», деп жоқтаған Әбдірахман содан бері ауылдан көрі қалада көп жүрген, ауылдағы шаруасын туысқаны Тұрсынбайға тапсыратын болды.

Ол кезде қазақ қарбызды көрсе де жемесе, ал лимонның түрін көрмей, дәмін білмесе, Әбдірахман Семейдегі үйінде лимон қосып шай ішетін еді. Дастарқанның басында жазғы күні әрдайым елден келген туыс-қонақтарын таңқалдыратын қарбыз тұратын еді. Қаражанның күшімен Семейде телефон жүйесі орнатылғанда, бірінші телефон абоненттерінің арасында Әбдірахман еді. Сымтетікті көрген туыстарының бірі, нақты айтқанада Рахымның Естекбайы: «Қапыр-ай, атасын жынмен, баласын сыммен сөйлеткен Құдайдың құдіреті» деп таң қалған.

1917 жылы наурыз айында Әбдірхман Жүсіпов Семей облысының қазақ құрылтайына қатысқан. Облыс құрылтайлардың артынан Алаш туын көтерген екі жалпықазақ құрылтай өтті. Ақын Сәбит Дөнентайұлы «Біз бәйгеге ат қосамыз, Алаш деп» жазғандай, Алаш туының көтеруіне үлес қосқан, Алаш зиялыларының мемлекет құру идеяларын қолдап, қолдауын көрсетіп, жылуын жасап, қаражатын шығарып демеуші болған бай меценаттардың арасында Әбдірахман да болды.

Әбдірахман Қазан төңкерісінен кейін қайтыс болып, Абыралының Қаратұмсық қыстағында жерленген. Тәркілеу, жер аудару, айдау, кәмпеске, ұжымдастыру, бай менен халық жауларын құрту науқандарын, ашаршылық нәубетін көрген жоқ. Балалары - Ахмади, Мұхамади Қазақстанды басқарған Голощекинның, Семей облысын басқарған, кейін НКВД ішкі істер халық комиссары болған Ежовтың, Абыралының аудандық ГПУ бас саяси басқармасының комиссары Кайгородцевтың қаһарын көріп, темір тордың ар жағында да жатқан, туған ауылынан алыс жақтарға көшіп кетуге мәжбүр болған. Ахмади Әбдірахманов – Ұлы Отан соғысына барып, қан майданнан қайтқан жоқ. Мұхамади көп жыл құғын-сүргіннен кейін, туған жері Қайнар ауылына қайтып, ұжымшарда есепші болып жұмыс істеді, туған жерінде қайтыс болып жерленген. Артынан екі қыз қалды, жиен-жиеншарлары бар. 

Ахмадидың ұлы –  Төлеу Әбдірахманов 1943 жылы Талдықорған жақтағы Бөрілітөбе деген елді мекенінде дүниеге келіп, соғыс жылдарынан кейін шешесімен, қарындасымен аталарының жеріне көшіп келді.

Төлеу Әбдірахманов бұрыңғы Семей облысы Абыралы ауданының орталығы – Қайнар ауылында ширек ғасыр дәрігер болып адал қызмет етті. Ақ халатты маманды ауылдың кәрі-жасы жоғары дәрежелі дәрігер деп танып, ерекше сыйлаған. Бір де бір ауылдағы мереке, мәдени іс-шара, театрлық қойылым өнерге жуық белсенді Төлеу ағасыз өткен жоқ. Алаштың жанашыры Әбдірахман байдың тұяғы Төлеу Әбдірахманов биыл көктемде қайтыс болды. Ұрпақтары Қайнар ауылында, Шығыс Қазақстанның қалаларында, еліміздің астанасында тұрады.

Алаш қозғалысына қолдауын көрсеткен демеуші меценаттарын есімдерін ұмытпай, Алаштың ардақты азаматтары ретінде тұтып еске алу керек. Солардың арасында Жүсіпұлы Әбдірахманның атын да ұмытпау жөн.

Асқар ДАЙЫРБЕК