Түркістан облысында көлік нөмірінің орнына есімін жазып алған жүргізуші жауапқа тартылды. Құқықбұзушылыққа жол берген тұрғын әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықталған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осындай кезекті тексеру кезінде Сайрам ауданының полицейлері қала көшелерінің бірінде артқы мемлекеттік нөмірі тұратын орынға өзінің есімін қойып алған «Мерседес-Бенц» маркалы автокөліктің бейнежазбасын байқап қалады. Көлік тізгіндеуші бейнекөріністе жол бойында басып озу мақсатында қарсы бағытқа шыққан. Аудандық полиция қызметкерлері автокөліктің иесі Ақсукент ауылының тұрғыны екенін анықтады.
«Жас жігіт жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің үш бірдей бабымен жауапқа тартылды. Олар, 590-бабы 4-бөлігімен «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», 593-бабы 2-бөлігімен «Жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау», 596-бабы 2-бөлігімен «Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу». Қазіргі таңда жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізушіге қатысты әкімшілік іс аудандық сотқа жолданды»,- делінген хабарламада.