Фото: Видеодан алынған скрин
Семейде заңсыз алкоголь өндіретін жасырын цехтың қызметі тоқтатылды. Операцияны Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен және Мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп жүргізген, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу барысында қала тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндіруді ұйымдастырғаны анықталған. Ведомство мәліметінше, күдікті спиртті сумен араластырып, өнімді әртүрлі орынжайлар мен гараждарда дайындаған. Кейін ол танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйылып, жалған есепке алу-бақылау маркаларымен сатылымға шығарылған.
Тінту кезінде заңсыз айналымнан «Finsky Ice» және «Сибирские морозы» атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь өнімі тәркіленді. Сонымен қатар 8 мыңнан астам бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ өнімді дайындауға және буып-түюге арналған жабдықтар табылған.
Сот санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге және өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды. Күдіктіге қатысты елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы таңдалған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі мұндай өнімдерді тұтыну азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін ескертті. Мамандардың айтуынша, жалған алкоголь улануға, ішкі ағзалардың зақымдануына, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін.
