Фото: Dknews.kz
Маңғыстау облысының прокуратурасы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде инватакси қызметін көрсету барысында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын өрескел бұзған.
Атап айтқанда, бөлім тарапынан инватакси қызметін көрсетушіге артық сағаттарды есептеу арқылы негізсіз төлемдер жүргізілгені белгілі болды.
Нәтижесінде мемлекетке келтірілген 5,3 млн теңге көлеміндегі залалды өтеу бойынша шаралар қабылданды.
Прокуратураның актісі негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі кеңесі бөлім басшысын қызметке толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады.
