31 нау, 2026 сағат 15:42

БҚО-да дропперлер арқылы ақша айналдырған қылмыстық схема әшкереленді

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті азаматтардың банк шоттарына заңсыз қол жеткізіп, алаяқтық жолмен алынған қаражатты айналымға шығарумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті Вейднер Т.Е. қылмыстық схеманы ұйымдастырып, заңсыз табысты үшінші тұлғалардың шоттары арқылы өткізіп, кейін қолма-қол ақшаға айналдыруды үйлестірген. Ол «дропперлерді» тартып, әрқайсысына нақты міндеттер бөліп берген. Мұндай қызмет үшін қатысушыларға 200-ден 350 АҚШ долларына дейін сыйақы төленіп отырған.

Мәселен, 2025 жылғы қазанда Орал қаласында студенттердің бірінің атына банк шоттары ашылып, онлайн-банкингке қол жеткізу деректері ұйымдастырушыға берілген. Осы шоттар арқылы интернет-алаяқтықтан түскен қаражат өткізіліп, кейін айырбасталып, шетелге аударылған.

Кейін шот иесі әрекеттің заңсыз екенін түсініп, құқық қорғау органдарына өз еркімен жүгінген. Соның арқасында қаржы операцияларын дер кезінде тоқтатып, шоттарды бұғаттауға мүмкіндік туған. Алайда күдіктілер жәбірленушіге қысым көрсетіп, банк қосымшаларын қайта верификациялауды талап еткен.

Сонымен қатар, оны пәтерде заңсыз ұстап, күш қолданамыз деп қорқытып, ұялы телефонын ломбардқа тапсыруға мәжбүрлеген. Түскен қаражатты өзара бөліскен. Бұдан бөлек, күдіктілер шоттардағы шектеулерді алып тастауға әрекет жасап, жәбірленушіні банктер мен әкімшілік органдарға ертіп жүрген.

Қазіргі уақытта схема ұйымдастырушысы қамауға алынды. Ал оның алты сыбайласына қатысты кепіл және елден шықпау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.