01 сәу, 2026 сағат 11:13

Шекараны бұзғандар жазасыз қалмады: БҚО-да үш шетел азаматы сотталды


Фото: gov.kz


Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен үш шетел азаматына қатысты сот үкімі шықты. Іс Жәнібек аудандық сотында қаралған, деп хабарлайды Ult.kz.


Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, олар 2025 жылғы 3 желтоқсан күні кешкі сағат 21:30 шамасында белгіленген тәртіпті бұзып, өткізу бекеттерінен тыс жерден шекараны әдейі кесіп өткен. Нақтырақ айтқанда, күдіктілер Жәнібек ауданындағы «Қайрат» шекара заставасының №307–308 шекара белгісі маңындағы екі қатарлы сым қоршаудан асқан.


Келесі күні таңертең олар Тау ауылына жетіп, қараусыз қалған ғимаратқа жасырынған. Алайда жергілікті тұрғынның хабарламасынан кейін полиция қызметкерлері үшеуін ұстап, Жәнібек аудандық полиция бөліміне жеткізген.


Сот барысында айыпталушылар кінәларын толық мойындап, бұл әрекетке туыстарына оралу үшін барғандарын айтқан. Сондай-ақ өз өмірлеріне қауіп төнгенін, әскери операцияларға қатысуға мәжбүр болғандарын жеткізіп, соттан айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұраған.


Сот үкімімен олардың екеуіне 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал үшінші адамға 350 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 1 млн 376 мың теңгеден астам қаражат өндірілді. Үшеуі де Қазақстан аумағынан шығарылды.


Үкім заңды күшіне енді.