Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елордалық тұрғынның өтінішінен кейін қызметкерлерін Ресейге іссапарға жіберді. Оларға жалғызбасты ананы алдаған күдіктіні ұстау тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрліктің баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, Ерлан Тұрғымбаевтың қабылдауына жазылған адамдар өз сауалдары мен өтініштерін тікелей эфирде бейнебайланыс арқылы мәлімдеп, жауап алған.
«Сауалдар негізінен қылмыстық істерді тергеудің сапасы мен мерзімдерін сақтауға, алаяқтықты ашуға көмектесуге, көші-қон заңнамасы мәселелеріне қатысты болды. Соның арасында Нұр-Сұлтан қаласынан жалғызбасты ана хабарласып, қызына ұялы телефон алып беремін деп 400 мың теңгесінен айырылғанын айтты. Әйелдің айтуынша, әлеуметтік желідегі хабарламаға сеніп, алаяқтарға 400 мың теңге аударып жіберген. Бірақ телефон да, ақша да қайтпаған», - дейді ІІМ баспасөз қызметінің өкілі.
«Интернет-дүкен мен абоненттік нөмір Ресейде тіркелгені анықталды. Қызметкерлерді ресейлік әріптестерімен бірге сол жерде тергеуді жалғастыру үшін іссапарға жіберуді тапсырамын. Интернет-алаяқтардың тұзағына түскендер көп болуы мүмкін. Мен бұл істі толығымен өз бақылауыма аламын», - деп отыр Ерлан Тұрғымбаев.
Ведомство басшысы соңғы жылы интернет алаяқтық саны 2,5 есе артқанын айтып, азаматтарды бейтаныс адамдарға сенбеуге, алаяқтардың айла-амалдарына түспеуге шақырды.