09 шіл, 2021 сағат 19:21

Спортшыны атып өлтірген ақтөбелікке сот үкімі шықты


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Серік Сәдуовке қатысты істің үкімі шықты. Ол 22 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сотталушы Серік Сәдуовке қатысты Қылмыстық кодекстің «Атыс қаруын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және алып жүру», «Адам өлтіруге оқталу», «Бұзақылық ниетпен адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылып, қылмыстық істі қарады. 

«Сот Серік Сәдуовтің екі оқ-дәрісі бар 16 калибрлі «ИЖ-К» шолақ мылтықты заңсыз иемденгенін, сақтағанын, тасымалдағанын және алып жүргенін анықтады. 2021 жылдың 4 ақпанында Серік Сәдуов шолақмылтықпен жәбірленуші Ж-ны атқан. Ол қашып құтылды, тірі қалды. Сол күні Сәдуов жәбірленуші Х-ның ішіне оқ атып, ол сол жерде қаза тапты. Сәдуовтің кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Прокурор Сәдуовті 22 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сәдуов қылмысты мас күйінде жасаған. Ол жазаны ауырлататын айғақ. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді. Серік Сәдуов 22 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлады Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. 

Айта кетейік, жәбірленушілердің пайдасына моральдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.