11 мам, 2021 сағат 22:05

СҚО тұрғыны әйелін атып өлтірді, немересін жаралады деген күдікпен ұсталды


Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязево елді мекенінде ауыл тұрғыны әйелін атып өлтірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 10 мамыр күні сағат 17.00 шамасында болған. Тимирязев ауданының полиция бөліміне аудан орталығы Тимирязеводағы үйлердің бірінен атылған оқтың дауысы естілгені туралы қоңырау түскен. 

Полицейлер оқиға орнына келіп, үйдің ауласынан 59 жастағы әйелдің денесін тапты. Ал үйде оқ жарақатын алған 14 жастағы қыз болған. Қыз бала Тимирязев аудандық ауруханасына жеткізілді. 

59 жастағы үйдің иесі алкогольдік мас күйде әйелімен жанжалдасып, «ИЖ» маркалы қарудан атқан. Салдарынан әйел сол жерде көз жұмған. Үйде бірге болған немересі жарақаттанды. 

Аталған факті «Адам өлтіру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. 

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Істің мән-жайын жан-жақты тексеруге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.