Қытай төрағасы Си Цзиньпин сыртқы күштер Қытайға "көз алартса" я ішкі ісіне "әсер ететін болса" "басын жарамыз" деп ескертті. Ол бұл сөзін 1 шілдеде Пекинде Компартияның жүз жылдығын атап өткен мерекелік шарада айтты, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Си Цзиньпин Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңына жиналған мыңдаған адамның алдында сөз сөйлеп, Компартия "алға қойған мақсатына жеткенін", ел экономикасын дамытып, Қытайдың әлем алдындағы дәрежесін көтергенін айтып, мақтанды.
"Қытай халқы ескі әлемді бұзып қана қоймай, жаңа әлем құрды. Қытайдың жетістігі партияның жұмысына байланысты" деді ол.
Жұрт алдында бір сағаттай сөйлеген Си "мықты әскер құруға" уәде беріп, Тайваньның "Қытайға қосылуы" жайлы айтып, Гонконг пен Макаоның автономия екенін атап өтті.
Қытай компартиясының съезі Батыс елдерінің Пекинге "Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым көрсетіп, Гонконг пен Тибетте белсенділерді қудалап жатыр" деп санкция салған тұста болды. Батыс елдері Қытайды саяси, экономикалық және әскери қарсылас деп қабылдайды.
"Қытай – кеудесін мақтаныш кернеген әрі өзіне сенімді халық. Біз бұрын да, қазір де басқа ұлттарды мазақ етпедік, қудаламадық, құл қылмадық, болашақта да бұлай жасамаймыз" деді Си.
"Бұған қоса, қытай халқы қандай да бір шетелдік күшке бізді қорқытуға, қорлауға, құлдыққа жегуге жол бермейді. Кімде-кім бұлай жасайтын болса, басы жарылады және оларды темірдей Ұлы қорған алдында қантөгіс күтеді" деді Қытай төрағасы.
Си шетелдік күштерді нақты атамады. Бірақ қазір Пекин АҚШ және Оңтүстік Қытай теңізі маңындағы көршілерімен, Үндістанмен ара-қатынасы нашар.
АҚШ және Еуропа елдері Қытайды Шыңжаңда бір миллионнан аса ұйғыр, қазақ және мұсылмандарды лагерьге қамап отыр деп айыптап, санкция салған. Вашингтон Пекиннің Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп атайды. Батыс Қытайды Гонконгтегі әрекетін, ондағы белсенділерді қудалауын да сынайды.
Си Пекиндегі жиында "Гонконг пен Макаоның әлеуметтік тұрақтылығы Қытайдың тәуелсіздігі, қауіпсіздігі және мүддесіне сай қамтамасыз етілетінін" айтты.
"Біз "Бір ел – екі жүйе" принципіне адал бола береміз. Яғни, Гонконгті гонконгтіктер, Макаоны макаолықтар басқара береді, екеуінің де автономиялық дәрежесі сақталады" деді ол.
Си Цзиньпин Тайвань аралын "Қытайға толық қосу" - Компартияның негізгі әрі тарихи міндеті" деп санайды.
"Қытайдың барлық ұлы мен қызы, соның ішінде Тайваньның екі жағындағы отандастарымыз бізбен бірге жұмыс істеп, "Тайваньның тәуелсіздігі" жайлы барлық қаңқу сөзді қойып, алға жылжуы керек" деді Қытай төрағасы.
Қытайдың Коммунистік партиясы 1921 жылы құрылған. Ал 72 жыл бұрын, яғни 1949 жылы азаматтық соғыстан соң билікке келген. Қазір партияда 92 миллиондай мүшесі бар.
1 шілдеде Си өз сөзін "ұлы, даңқты, заңды Компартия жасасын", "ұлы, даңқты, ержүрек халқымыз жасасын" деп аяқтады.


