Фото: Gov.kz
Мәжіліс депутаттары арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгеріс енгізетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Құжатта президентке тікелей бағынатын құрылым қызметкерлерінің балаларына қатысты жеңілдік нормасы қарастырылған.
Депутат Болат Керімбектің айтуынша, заң жобасы әскери және арнаулы оқу орындарына түсу кезінде үміткерлердің ұпайлары тең болған жағдайда кімдерге басымдық берілетінін нақтылауға бағытталған.
Мұндай басымдық жетім балаларға, «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық олимпиада жеңімпаздарына және басқа да жекелеген санаттағы талапкерлерге беріледі. Алайда осы уақытқа дейін мұндай мүмкіндік «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» заңда көрсетілмеген.
Жаңа өзгеріс дәл осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Яғни арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балалары да белгілі бір жағдайда басымдық алатын санатқа енгізілуі мүмкін.
Айта кетейік, арнаулы мемлекеттік органдар – президентке тікелей бағынатын және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылымдар. Олардың қатарына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыртқы барлау қызметі және Мемлекеттік күзет қызметі кіреді.
Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда қолдады.
