Фото: gov.kz
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Усть-Луга елді мекеніндегі уақытша жұмысшылар лагерінде болған жанжалға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Әлеуметтік желілерде Ленинград облысында түсірілген жаппай төбелестің видеосы тарап, оқиғаға Қазақстан азаматтары да қатысқаны туралы ақпарат тараған еді. Видео авторы жанжалға қазақстандық жұмысшылардың да араласқанын айтқан.
Қазақстандық дипломаттар бұл оқиғаны «тұрмыстық жанжал» деп бағалап, төбелеске Қазақстан азаматтарының қатысқанын растады. Қақтығысқа қатысқан адамдар ұсталып, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
СІМ мәліметінше, қазақстандықтар арасында ауыр жарақат алғандар жоқ.
«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Қазақстан азаматтарының ешқайсысы ауыр жарақат алған жоқ және ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Жергілікті жағдай тұрақты әрі құзыретті органдардың бақылауында», – делінген ресми хабарламада.
Санкт-Петербургтегі Қазақстанның Бас консулдығы Ресей билігімен тұрақты байланыста. Бас консул оқиға орнына барып, қазақстандықтарға қажетті консулдық және құқықтық көмек көрсету үшін жағдайды өз бақылауына алған.
Еске салайық, бұған дейін Ресейде қазақстандықтардың қатысуымен жаппай төбелес болып, оларды полиция алып кеткені туралы ақпарат тараған болатын.
