24 нау, 2026 сағат 15:25

Қытайды «екі сессия» арқылы түсіну — ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньнің мақаласы жарық көрді


Фото: dknews.kz

Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь «екі сессия» қорытындылары арқылы Қытайдың алдағы даму бағытын, жаһандық бастамаларын және халықаралық әріптестікке деген ұстанымын жан-жақты сипаттады. Мақалада Қытайдың экономикалық жетістіктері мен жаңа «15-бесжылдық» жоспарының басымдықтары, сондай-ақ Қазақстанмен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі кеңінен қамтылған. Автор Қытайдың ашықтық пен ортақ даму қағидаттарына негізделген саясаты әлем елдері үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтеді, деп хабарлайды Ult.kz.


ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньнің мақаласы:

Көктемгі самал даму бағытын айқындайды, енді желкен көтеретін кез келді: Қытайды «екі сессия» арқылы түсіну — Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы және Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесі


Көктемнің келуімен жер бетіне тіршілік қайта оралып, табиғат жаңғырады. Қазақстанда жаңару мен үміттің символына айналған Наурыз мейрамы кеңінен тойланып, көктемнің келуі қуанышпен қарсы алынады. Осындай тіршілікке толы тамаша кезеңде Қытайда дәстүр бойынша «екі сессия» – 2026 жылғы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы мен Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінің отырыстары өтеді. Бұл жиындар елдің болашақ даму бағытын айқындап, жоспарларын қалыптастырып қана қоймай, әлем қауымдастығын мүмкіндіктерді бірлесіп пайдаланып, ортақ дамуға шақырады.

Көктемгі самал маңызды жиынды қарсы алып, «екі сессия» әлемге Қытайды түсінудің терезесін ашады. Осы кезеңде елдің барлық өңірлері мен салаларынан келген депутаттар мен кеңес мүшелері ұсыныстар енгізіп, мемлекеттік мәселелерді талқылайды. Үкімет жұмысы туралы баяндама, ұлттық экономикалық және әлеуметтік дамудың 15-бесжылдық жоспарының негізгі бағыттары, өзге де есептер және үш заңнамалық акт — оның ішінде Экология және қоршаған ортаны қорғау кодексі, Ұлттық бірлікті нығайту туралы заң және Ұлттық дамуды жоспарлау туралы заң қабылданды. Күн тәртібіндегі барлық мәселелердің сәтті қаралуы Қытайдағы бүкіл процесті қамтитын халықтық демократияның институционалдық артықшылықтарын айқын көрсетті. Бүгінде халықаралық қауымдастықта Қытайды «екі сессия» арқылы тану қалыптасқан үрдіске айналды. Бұл терезе арқылы әлем Қытай басқару жүйесін, қытайлық модернизацияның іс жүзіндегі көрінісін, сондай-ақ жоғары сапалы даму мен реформаларды тереңдетудегі елдің сенімі мен табандылығын жақсырақ түсіне алады.

Ұлылық еңбектің нәтижесінен көрінеді: Қытай экономикалық және әлеуметтік дамуда әсерлі жетістіктерге қол жеткізді. Өткен жылы ішкі және сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қытай экономикасы тұрақты түрде алға жылжып, сапалы жаңа бағытта дамыды. Барлық негізгі мақсаттар орындалып, «14-бесжылдық жоспар» табысты аяқталды, ал қытайлық модернизация жаңа серпін алды. 2025 жылы Қытай экономикасының жалпы көлемі 140 триллион юаньнан асты, ЖІӨ-нің орташа өсімі 5,4%-ды құрады. Әр 10 мың адамға шаққанда жоғары құнды өнертабыс патенттерінің саны 16-ға жетті. Халықтың жан басына шаққандағы табысы 5,1%-ға өсті, урбанизация деңгейі 67,9%-ды құрады, ал астық өндірісі қатарынан екінші жыл 700 млн тоннадан асты. Соңғы бес жылда «14-бесжылдықта» белгіленген 20 негізгі көрсеткіш, 17 стратегиялық міндет және 102 ірі жоба толық жүзеге асырылып, елдің жаңа даму деңгейіне өтуіне берік негіз қаланды. Фактілер кез келген дәлелден күштірек. Қытай экономикасының іргетасы берік, артықшылықтары көп, тұрақтылығы жоғары және әлеуеті зор. Ұзақ мерзімді оң үрдістер өзгеріссіз сақталуда. Қытай жаһандық өндірістік және логистикалық тізбектердің тұрақтылығына әрі әлемдік экономиканың дамуына үлес қосуды жалғастыруда.

Жоспар айқындалды: «15-бесжылдық» жаңа даму кезеңін бастайды. 2026 жыл Қытайда жаңа бесжылдықтың алғашқы жылы болды. Алдағы бес жылда ел жоғары сапалы дамуға басымдық беріп, 20 негізгі көрсеткішті жүзеге асырады. Олар экономика, инновация, халықтың әл-ауқаты, жасыл даму және қауіпсіздік салаларын қамтиды. Сонымен қатар жеті негізгі мақсат көзделген: ғылыми-технологиялық дербестікті арттыру, реформаларды тереңдету, қоғам мәдениетін дамыту, халықтың өмір сапасын жақсарту, «әдемі Қытай» құру, ұлттық қауіпсіздікті күшейту. Бұл кезеңде Қытай инновациясы дамыған, ашықтығы жоғары, өмір сапасы жақсарған және қауіпсіздігі нығайған мемлекетке айналады. Сонымен қатар Қытай әлемге ашықтықты кеңейтіп, «әлемдік фабрикадан» «әлемдік нарыққа» айналуға ұмтылады. Басқа елдермен бірге модернизация жолымен жүріп, жаһандық экономикаға тұрақты серпін береді.

Ортақ болашақты бірге құру — Қытай ұсынатын жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Ұлы мемлекет өзінің мүмкіндігін әлем игілігіне бағыттай білуімен ерекшеленеді. Қытай заман талабына сай дамып, халықаралық қауымдастыққа оң әсерін тигізіп келеді. «Екі сессияда» ұсынылған үкімет баяндамасы сыртқы ашықтықты кеңейтуге бағытталған стратегиялық ұстанымдарды айқындады. Қытай төрт жаһандық бастаманы ілгерілетіп, адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын қалыптастыруға ұмтылады. Ел әлемге ашық бола отырып, өз даму жемісін бөліседі. Өнеркәсіптік жүйесінің артықшылықтары мен ірі ішкі нарығы әлем экономикасына қосымша серпін береді. Қытай монополияға емес, өзара тиімділікке басымдық береді. Ол БҰҰ-ны негіз еткен халықаралық жүйені қолдайды және көпжақты ынтымақтастықты жақтайды.

Жібек жолы жүректерді жақындастырып, ортақ ілгерілеуге жол ашады. Қытай мен Қазақстан ұлттық даму жолында серіктес әрі пікірлес елдер. Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаев басшылығымен екі ел арасындағы қатынастар тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Саяси сенім нығайып, стратегиялық әріптестік күшейіп, барлық саладағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Өткен жылы екі ел басшылары екі рет кездесіп, сауда, инвестиция, энергетика, көлік және жоғары технологиялар саласында маңызды келісімдерге қол жеткізді. Өзара сауда көлемі 48,7 млрд АҚШ долларына жетіп, 11%-ға өсті. Білім, ғылым, технология және спорт салаларында жаңа келісімдер жасалды. Визасыз режимнің арқасында халықтар арасындағы байланыс күшейіп, туризм жаңа деңгейге көтерілді. Қытай Қазақстанмен бірге «алтын отыз жылдықты» құруға дайын.

Жел күшейді — енді желкен көтеріп, алға ұмтылатын уақыт келді. «15-бесжылдық» жоспарының қабылдануы Қытай модернизациясының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді. Коммунистік партияның басшылығымен Қытай халқы табандылықпен еңбек етіп, елді одан әрі дамытып, ұлттық жаңғыру жолында жаңа жетістіктерге жетіп, әлемдік прогреске үлес қоса береді.