Фото: ашық дереккөз
Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына кінәлі жүргізуші тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі бұған дейін медициналық мекемеде күзетпен болған. Қазір ол қылмыстық іс аясында тергеу изоляторына ауыстырылды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, күдікті тергеу аяқталғанға дейін қатаң бақылауда болады.
Еске салсақ, 21 наурызға қараған түні жүргізуші Әл-Фараби даңғылымен келе жатып, қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен іс қозғалды. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Ержан Саденов бірқатар басшы қызметкерлердің жұмыстан босатылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, қалада «STOP бұзушылық» атты ауқымды жедел-профилактикалық шара басталды. Оған еліміздің төрт өңірінен полиция қызметкерлері тартылған.
Қазіргі уақытта мегаполисте түнгі мезгілде уақытша полиция бекеттері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
