Фото: Ашық дереккөз
Абай облысының Аягөз қаласында мерзімді қызметтегі сарбаздың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Менингиттен қайтыс болған 20 жастағы әскери қызметшінің ісінде госпиталь дәрігері кінәлі деп танылып, 2 жылға сотталды. Алайда ол рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды.
Сарбаз 16 мамырда денсаулығы нашарлап, әскери госпитальға түскен. Дәрігер бастапқыда оған жеңіл диагноз қойып, дер кезінде қажетті ем жүргізбеген. Науқас кеш жеткізілген ауруханада жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Сараптама өлімнің себебі іріңді менингит екенін көрсетті. Мамандардың айтуынша, дер кезінде дұрыс диагноз қойылғанда, сарбазды аман алып қалуға болар еді.
Сот дәрігерді кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп таныды. Сондай-ақ марқұмның отбасына 12 миллион теңгеден астам өтемақы төлеу міндеттелді.
