Алматы облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ержан Оразбеков отырған көлікке оқ атқан күдікті ұсталды. 34 жастағы ер адамды полицейлер 6 күннен кейін ғана қолға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2 шілде күні жедел-іздестіру жұмыстары барысында көлікке оқ атқан 34 жастағы Ж есімді күдікті ұсталды. Қазір оның көлігі айып тұрағына қойылып, өзі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпараттар заңға сәйкес тергеу құпиялығына байланысты жарияланбайды»,- делінген Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 26 маусым күні Алматы облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары отырған көлікке оқ атылды. Оқиға Алматы-Талдықорған жолындағы Арқарлы асуының маңында болған.