Өткен аптада еліміздің аумағында 3 213 қылмыс тіркелді. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бір апта ішінде 3 213 қылмыс жасалды, оның 2 158-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 8 кісі өлтіруді, 7 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 38 тонау және 470 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.
Сонымен қатар Шұғыла Тұрлыбек өткен аптада ІІМ-де ішкі істер органдары жұмысының қорытындысы шығарылған кеңейтілген алқа отырысы өткенін, жиында елдегі қылмыс деңгейі төмендегені аталғанын айтты.
«Ауыр қылмыстар, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, зорлау, ұрлық, мал ұрлығы, бұзақылық саны азайған. Кәмелетке толмағандар тарапынан орын алған қылмыстар 40, мас күйінде жасалғандары 20 пайызға төмендеген. Қоғамдық орындарда және көшелердегі құқық бұзушылық саны үштен бірге қысқарған», - деді баспасөз өкілі.