09 шіл, 2021 сағат 14:23

Павлодар облысында 17 жыл бұрын әпкесін өлтірген ер адам ұсталды


Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров 17 жыл бұрын әпкесін өлтірген адамның ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, Железин ауданында ер адам әпкесін өлтірген. Сараптама нәтижелеріне сәйкес кінәлі адам ұсталды.

«Тергеу бөлімшелерінің өндірісінде барлығы 2864 қылмыстық іс болды, оның ішінде 1796 іс ашылып, сотқа жолданды, ашу пайызы 75,2% құрады. 2004 жылдан бері қозғалған қылмыс ашылды. Криминалдық полиция қызметкерлері өткен жылдардағы 485 қылмыс: оның ішінде 1 адам өлтіру, 2 денсаулыққа ауыр зиян келтіру, 5 бұзақылық, 10 тонау, 1 қарақшылық шабуыл және 5 айдап әкету ісі ашылды», деді ол.

Ал қылмыскерлерді іздестіру бойынша жыл басынан бері іздеуде жүрген 50 адам ұсталған. Оның ішінде 2016 жылы кісі өлтірген бір адам Ресейде қолға түсті.

«Бүгінде полиция департаменті жедел қызметтік жұмыстың барлық бағыттары бойынша ішкі істер органдарының алдына қойылған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін тұрақты режимде жұмыс істеуде, - деп атап өтті облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары.