08 шіл, 2021 сағат 11:20

Нұр-Сұлтанда 18 жастағы жігіт бір түнде екі көлік ұрлады


Жас жігіт бір түн ішінде тұрғын үйлердің ауласынан екі көлік ұрлаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдікті алдымен Мұстафин көшесінде ВАЗ-2114 автокөлігін бұзып кіріп, айдап кеткен. Бірнеше метр жүргесін, жас жігіт ойын өзгерткен. Сол бойда көлігін тастап, кетіп қалған. Жол-жөнекей «Тойота Карина» маркалы автокөлігіне көзі түскен. Ұрланған көлікпен аздап қыдырғасын жігіт оны саябақта қалдырған. 

Полиция қызметкерлері ізін суытпай 18 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ұсталған азаматтың айтуынша, автокөлікті ұрлау тәсілдерін ол интернет желісінен үйренген, сөйтіп алған «білімін» іс жүзінде пайдаланып көргісі келген.

Жас жігітке қатысты автокөлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Автокөліктер иелеріне қайтарылды.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті азаматтарды көлікті қойғанда сақ болуға, есік-терезелерінің жабылғанын тексеру керектігін ескертеді. 

«Көлігіңізді айдап әкетуден сақтау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері автокөлік иелеріне машиналарды күзетілетін тұрақтарға қоюды және дабыл жүйесін орнатуды ұсынады. Егер сізге қатысты заңсыз әрекеттер жасалса, дереу 102 нөмірі бойынша хабарлаңыз»,-делінген хабарламада.