12 шіл, 2021 сағат 13:49

Қазақстанда жасырынып жүрген 112 шетелдік қылмыскер ұсталды


Былтырғы қазан айынан бері Қазақстан аумағында 112 шетелдік қылмыскер ұсталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ішкі істер министрлігінің ақпарат алаңында осындай мәлімет айтылды. 

«Ішкі істер министрлігі үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, өткен жылдың қазан айынан бері азаматтығы белгісіз адамдарды анықтау және құжаттандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Осындай акция барысында 4636 құжатсыз адам анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері 3 408 адамның құжаттарын қалпына келтіріп, 1 278 адамға қатысты азаматтық растау рәсімін аяқтап жатыр. Айта кетерлік жайт, жыл басынан бері адам саудасымен байланысты 103 қылмыс тіркелді», - деді ведомствоның баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек. 

Оның мәліметінше, аталған 103 қылмыстың 61-і өндіріспен аяқталып, сотқа жолданған. 

«Қазіргі уақытта соттар 9 адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. Тағы 42 іс тергеу сатысында, 9 адам түрлі мерзімге сотталды. Еңбек және жыныстық құлдықтан 19 адам құтқарылды. Бұдан басқа «Мигрант» және «Заңсыз иммигрант-2» жедел іс-шарасы барысында 14,5 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзу жағдайы анықталды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Министрліктің дерегі бойынша күзден бері шетелдіктердің еңбегін заңсыз пайдаланудың 3 666 фактісі тіркелген.

«Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған 987 шетелдік елден шығарылды. Өздерінде жүрген шетелдіктер туралы полицияға хабарламаған 823 жұмыс беруші мен 5 966 азамат жауапкершілікке тартылды. Полиция операция кезінде іздеуде жүрген 112 қылмыскерді ұстады және заңсыз көші-қон ұйымдастырудың 33 фактісін анықтады», - деді ІММ баспасөз өкілі.