Қазақстанда 10 есірткі зертханасы жойылды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өткен аптада Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың төрағалығымен ведомствоның алқа мәжілісі өткенін еске салған ол: «Басқосуда ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жай-күйі жеке қаралды. Жыл басынан бері 2 тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 41 келі синтетикалық есірткі тәркіленген. Оларды өндіретін 10 есірткі зертханасы жойылды», - деді.
Оның айтуынша, алқа отырысына қатысқандар қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.
«ІІМ жүйесінде 2021 жыл құқық бұзушылықтың алдын алу және «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету жылы деп жарияланды. Қалаларда 58 модульдік стационарлық полиция бекеттері орнатылды. Жалпы 5 жыл ішінде осындай 176 бекет орнату жоспарлануда. Қоғамдық орындар мен автожолдарда полицияны шұғыл шақыру үшін «SOS» дабыл түймелерін орнату пысықталуда» - деп атап өткен Ерлан Тұрғымбаев алқа отырысында.