09 шіл, 2021 сағат 13:52

Қарағайлы орманды отауға заңсыз рұқсат берген резерват басшысы қамауға алынды


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов «Семей орманы» резерватының бас директоры мен екі орынбасары не үшін тергеуге алынғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Семей орманы» резерватының бас директоры мен екі орынбасары бастаған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Олар орманды санитарлық тазартуға рұқсат беру арқылы кәсіпкерлерден пара алу схемасын ұйымдастырған. Осылайша «санитарлық тазарту» желеуімен бірегей реликті қарағай орманы заңсыз кесілген», - деді Марат Ахметжанов ведомствоның алқа мәжілісінде. 

Оның мәліметінше, аталған үш басшы қамауға алынған, қазір үстерінен тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ, ол Қорғаныс министрлігіндегі былықтарға қысқаша тоқталды. Айтуынша, тыл, қарумен жабдықтау және қаржыландыру басқармаларының бастықтары қол астындағы әскери қызметшілердің сыйақысына ортақтасып отырған. 

Жартыжылдықтың жұмысын қортындылаған алқа мәжілісінде антикор басшысы ведомство құрылымындағы өзгерістерге тоқталды. 

«Президент Жарлығымен агенттіктің құрылымы өзгерді. 7 департаменттің орнына 3 негізгі қызмет құрылды. Бұл агенттіктің стратегиялық мақсаттарын тиімді және және сапалы орындауды қамтамасыз етеді. Президент әкімшілігігінің келісімен аталған қызметтің басшылары болып Марат Төлеубаев, Асхат Жұмағали және Дәурен Ерғарин тағайындалды. Үшеуі де агенттіктің кадрлары. Сонымен қатар, Агенттік төрағасының орынбасары ретінде Президенттің кадрлық резервінен Мақсат Аманқұлұлы Қожабаев тағайындалып отыр. М.Қожабаев бірқатар өңірлердің қаржы полициясын, жемқорлыққа қарсы қызметін, прокуратураларын басқарған. Осындай зор сенімге ие болып отырған жаңа қызметкерлер ел үмітін ақтап, адал қызмет етеді деп сенемін», - деді Марат Ахметжанов.