30 сәу, 2021 сағат 15:04

Елордалық полицейлер 9 млн теңгелік кабель ұрлаған күдіктілерді ұстады


Нұр-Сұлтан полицейлері электр тізбегінің мыс кабелін ұрлау фактісі бойынша 32 және 29 жастағы екі күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түнгі уақытта қаскүнемдер жаңа құрылыс ауданындағы құдықтарды ашып, тротуар тақтасын сындырып, кабель жатқан тоннелді қазғандығы анықталды.

Осылайша 100 метр мыс кабелін қиып, оны металл қабылдау пункіне 475 мың теңгеге өткізеді. «Қаскүнемдер электр кабелі орналасқан жерді алдын ала зерттеп, сымның қалай тұрғанын біліп алған. Олар өз әрекеттерін нақты белгілеп, қандай құралдар қажет екенін де жоспарлаған. Келтірілген залал сомасы шамамен 9 миллион теңге», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығы Дмитрий Демидов.

Күдіктілер ПД уақытша ұстау изоляторына қамалып, «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар өз кінәсін мойындады, екі кабель ұрлау фактісі бойынша айыпталып отыр. Ұсталғандар бұрын ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған болып шықты.

Жылдың басынан бері қала аумағында 38 кабель ұрлау фактісі тіркеліп, 20 ұрлық ашылып, 7 факті бойынша тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Елордалық полицейлер түсті және қара металдарды, олардың сынығы мен қалдықтарын өткізу, заңсыз айналымға салу орындарын үнемі тексеріп отырады.