Батыс Қазақстан облысында тұрғын мүлкін қайтарып алмақ болған ауылдасын ұрып өлтірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаменті мәлім еткеніндей, оқиға Бәйтерек ауданы ауылдарының бірінде болды.
Департамент бастығы, генерал-майор Махсұдхан Аблазимовтың сөзіне қарағанда, екі ер адам төбелескен. Соның барысында 1995 жылғы Ш. 1990 жылғы Т-ға ауыр дене жарақатын салған. Жәбірленуші Орал қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханада көз жұмды.
«Істің мән-жайын анықтау барысында таластың мүлікті заңсыз иемденуден туындағаны белгілі болды. Т. деген азамат Ш-ны тауып, өзіне тиесілі мүлікті қайтармақ болған кезде бір-бірімен сөзге келіп, төбелескен. Оқиға түнгі сағат 03.00-те болды. Жәбірленушінің үстінен түскен учаскелік инспектор сол бойда жедел жәрдем шақырып, куәгерлерден сауалнама жүргізіп, күдіктіні анықтаған», деді Аблазимов.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.