28 сәу, 2021 сағат 17:56

Арнайы операция: ШҚО-да жеті адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленді


Шығыс Қазақстан облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, 167 млн теңгенің есірткісі тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңірде және Алматы облысында әрекет еткен қылмыстық топты әшкерелеу үшін арнайы кең ауқымды операция өткізді. 

«Нәтижесінде, бір айға жуық уақыт ішінде аталған топтың мүшелері түгел белгілі болды. Олардың барлығы басқа қалалардан келген. Күдіктілер қауіпсіздік мақсатында жалдамалы пәтерлерді үнемі ауыстырып отырды. Сондай-ақ өзі Алматы облысында жүріп, қылмыстық топтың барлық іс-әрекеттеріне жетекшілік етіп отырған ер адам анықталды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Есірткі саудасымен айналысатын әр адамның өз рөлі болған. Белгілі бір топ есірткіні жеткізсе, енді біреулері оны доза бойынша өлшеп, кейіннен шаһардағы арнайы орындарға қойып кетіп отырды. Тінту барысында сатуға дайындалған 10 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл шамамен бірреттік 100 000 дозаға тең.

«Тасмалдаушыларға есірткі тауар көлік-логистикалық компаниялары арқылы қосалқы бөлшектер түрінде жөнелтілген. Есірткісі жасырылған барлық автобөлшектерді қызметтік иттер таба алмас үшін сыртын лакпен бояған», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Ешкім көрмес үшін есірткі түнгі уақытта арнайы жерлерге қойылып отырды. Сәуір айының басында күдіктілерді ұстау үшін тиісті шаралар басталды. Бір апта ішінде қала аумағында әрекет еткен барлық есірткі тасымалдаушылар қамауға алынды. Өз үйлерін жалға берген пәтер иелері жалдаушылардың үйді есірткіні өлшеп-дайындау цехына айналдырғандарын көргенде жағаларын ұстаған.

«Алматы облысы Талғар ауданы Қызылқайрат ауылындағы жалдамалы үйде синтетикалық есірткіні дайындап, өлшеп-орайтын есірткі зертханасын ұйымдастыруға тұтастай бір отбасының қатысы бар екендігі белгілі болды. Күдіктілер Telegram мессенджері арқылы есірткіні байланыссыз таратумен айналысты. Ал клиенттерден төлемді электронды төлем жүйелерінің көмегімен қабылдаған. Ауқымды арнайы операция нәтижесінде 21-49 жас аралығындағы 7 адам қамауға алынды. Тәркіленген заттардың «қара нарықтағы» құны – 167 млн теңге. Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олар 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылулары мүмкін», - делінген ақпаратта.