08 шіл, 2021 сағат 15:20

Алматыда полицейлерден ақша бопсалаған ер адам ұсталды


Алматы тұрғыны патрульдік полиция қызметкерлерінен ақша бопсалаймын деп ұсталды. Күдікті өзін блогермін деп таныстырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 34 жастағы Б. есімді ер адам өзін патрульдік полиция қызметкерлеріне блогер ретінде таныстырып, арандатушылықтар жасамауға және желіде видео орналастырмауға уәде беріп, ақша бопсалаумен айналысқан.

«Ақша сомасы 50-ден 200 мың теңгеге дейінгі аралықта болды. Бұл жүргізілген жедел және арнайы іс-шаралардың нәтижесінде расталды. Күдіктіні қамауға алу қаланың Әуезов ауданында, сұратқан $ 300 алып жатқан кезде жүзеге асырылды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді және ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді,» – деді Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдрахманов.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша Полиция департаментінің Тергеу басқармасы тергеу шараларын жүргізіп жатыр.