04 мам, 2021 сағат 21:00

Алматыда қонақ үйде 1 жасар қызын ұрып өлтірген Британ азаматына сот үкімі шықты


Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында кішкентай қызын өлтіруде айыпты танылған Баракат Мохаммедке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сот анықтағандай, өткен жылдың қазан айында Ұлыбритания азаматы Баракат Мохаммед отбасымен бірге Алматы қаласындағы қонақүйлердің біріне жайғасқан. 

Алкоголь және есірткіге мас болған ер адам зайыбымен болған жанжалдан кейін ашуға булығып, бір жасар қызын соққыға жығып, оның өліміне себепкер болды. 

Бірінші инстанциялы соттың үкімі бойынша, ер адам баланы қасақана өлтіруде айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 

Оған қоса, ер адам Қазақстан аумағынан бес жылға қуылды. 

Сотталушының кінәсін оқиғаға куә болған қонақүйдегі қызметші әйел растады. 

Ол қабырғаға ұрылған дыбысты естіген соң бала жылағаны басылып қалғанын, одан кейін жәбірленуші әйелдің қонақүй бөлмесіне кіргенін, ол жерден ес түссіз баланың денесін шығарғанын айтты. 

Оннан астам куәгер әйелдің ресепшенге келіп, мас күйеуінің баласын өлтіргені туралы айтқанын растады. 

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, сотталушының эпилептикалық ұстама кезінде бала үстіне құлап, оны абайсызда өлтіріп алғаны туралы нұсқасы расталған жоқ. 

Қорғау тарапы ұсынғаны медициналық құжаттар сотталушының бұрын қояншық ауруына шалдыққанын растайтын қандай да бір дәлелдері болған жоқ. 

Баракат Мохамед – әуе компаниясының ұшқышы, медициналық тексеруден үнемі өтіп жүрген, денсаулық жағдайы жақсы. 

Сондықтан сот сотталушыны ешқашан қояншық ауруымен ауырмаған деген түйін жасады. 

Алматы қалалық сотының қаулысы бойынша бірінші инстанциялы сот үкімі өзгеріссіз қалды. 

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 24 қазанында Алматы қаласындағы «бес жұлдызды» қонақүйде әкесі өзінің бір жарым жасар қызын соққыға жығып, бала қайтыс болған еді. 

Бастапқыда ер адамның өз баласын буындырып өлтіргені хабарланды. Одан кейін сәбидің өліміне қатты соққыға жығу себеп болды деген нұсқа шыққан.