01 шіл, 2021 сағат 17:24

26 жастағы жігіт туысын таспен ұрып өлтірген – Жамбыл облысы


26 жастағы ер адам өз туысын таспен ұрып өлтірген. Отбасылық қайғылы оқиға Жамбыл облысының Талас ауданында орын алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Талас аудандық полиция бөліміне Қаратау қаласының тұрғыны қоңырау шалып, үйдің ауласында өз күйеуі мен оның туысының төбелесіп жатқанын хабарлаған. Келеңсіз жағдайдан ер адам ауыр жарақат алып, аудандық ауруханада көз жұмған. 

Полицейлер «Кісі өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, күдіктіні ізін суытпай қолға түсірді.

«Жәбірленушінің мекенжайына оның 1995 жылы туған туыс інісі бұрын араларында болған араздықтарын шешу үшін келіп, ұрыс көтерген.

Салдарынан араларындағы дау өршіп, соңы төбелеске айналған. Күдікті жәбірленуші таспен ұрып, оқиға болған жерден бой тасалаған», – деді Жамбыл облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Әбсамат Бекмұхамбетов. 

Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, күдікті алкоголь мен каннабиноидтардың әсерінен мас күйде болған. Ол өз қылмысын толық мойындады. Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында. 

Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.