09 мау, 2018 сағат 11:39

Құлдық психология – орысшаға орысша жауап беру деген сөз

Кеше бір салонға шаш жұқартуға барғанмын. Ішінде адам көп екен. Өзім үнемі алдыратын шаштаразға үшінші болып кезекке тұрдым. Менен кейін бір орыс келіншегі күйеуімен келіп, кезектің соңы кім екенін сұрады. «Мен» дедім, қазақшалап. Үндемей келіп, қасыма отырды.

Бір кезде немересімен отырған орыс кемпірі сағат сұрап еді, оған да «Бір болды» деп, сұқ саусағымды көрсеттім. «Аа, уже обед скоро» деді де, немересіне қарап қозғалақтап қойды. «Сіз орыстардың бәріне қазақша сөйлейсіз ғой деймін, ә?» деп, шаштаразым күледі. «Мен орысша түсінемін ғой, олар да қазақша түсінуі керек! Орысшаға орысша жауап алып, әбден жаман үйреніп алған бұлар. Неге мен орысша жауап беруім керек оларға, міндеттімін бе?! Олар орысша сөйлей берсін, мен қазақша сөйлеймін!» деп едім, салонда істейтін жастар жағы түгел қоштап кетті. Дұрыс қой? Мен оларға орысша жауап беруге міндетті емеспін!

Құлдық психология, құлдық психология дейміз. Не ол құлдық психология деген? Құлдық психология – орысшаға орысша жауап беру деген сөз! Көбі осындай қарапайым ғана нәрсені білмейді. Орысша сұрағандарға елпектеп, тіліміз келмесе де орысша жауап беріп жатамыз. Бұны құлдық психология демегенде, не дейсің енді...

Жолымбет Мәкіштің фейсбуктегі жазбасынан