Қазақстанды көп ұлтты деп атау заңсыз!
Қазақстан жаңа тарихта алғаш рет 1920 жылы 26-тамызда РСФСР құрамында «Киргизская АССР» ретінде құрылғанын білеміз. 1925 жылы «Киргизская АССР» көрнекті заңгер Садық Аманжолов сияқты азаматтардың көтеруімен «Казакская АССР» болып өзгертілді. 1936 жылы 5-ақпанда «Казакская АССР» бір әрпі ауыстырылып «Казахская АССР» деп аталды. Сол жылы 5-желтоқсанда Қазақ АССР-іне Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деген атаумен одақтас республика мәртебесі берілді. Бірақ бұл ұлттық құрылымдарымыздың еш қайсысы «көп ұлтты» деген мәртебемен аталған емес.
«Көп ұлтты» деген тіркес КСРО Жоғарғы Советі 1977 жылы 7-қазанда «бүкілхалықтық талқылаудан» кейін КСРО Конституциясы қабылданған соң пайда болды. 1978 жылы 20-сәуірде Қазақ ССР-інің одақтық конституциядан айнымайтын жаңа Конституциясы қабылданған. Одақтық конституциядағы «біртұтас одақтық көп ұлтты» деген формула федерациялық мемлекетті ұлттық автономияларға бөлінген унитарлық мемлекетке (Қызыл империяға) айналдыруды заңдастырды. Компартияның мүддесіне ыңғайлы бұл формула Совет Одағының саясатымен жымдасып жатты. Өйткені ол шынымен көп ұлтты болатын.
Қазақ ССР-і сол көп ұлтты одақтың құрамындағы қалпына келтірілген Қазақ мемлекетіне айналды. Шын мәнінде Қазақстанда қазақтан басқа ұлт та, ұлыс та болған емес, болмайды да. Ұлт аталу үшін тілін былай қойғанда, этнос шоғырының сол тұрған жерінде атамзаманнан өзіне тиесілі аумағы, өсіп-өркендейтін басқа мекені болмауға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Қазақ жерінде тек қазақтар ғана ұлт атануға құқылы. Ал қазақ халқынан басқа мұнда тұратын бірде бір диаспораның ұлт атануға құқықтық негізі жоқ! Оның үстіне қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресіне атсалысқан бірде бір диаспораның өкілін естіген емеспін.
1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы түгелдей Қазақ мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған болатын. Ол құжатта да Қазақстанның «көп ұлттылығы» жөнінде ештеме айтылмаған. 1991 жылы 16-желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңымызда негізінен жеке адамның бостандықтары мен құқықтарына баса мән берілген де Қазақстанның «көп ұлттылығы» туралы «ауыз қисайтылмаған». 1995 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы Конституциямызда да «Қазақстан көп ұлтты» деген тіркес жоқ!
Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс тұрады деген тұжырым ойдан шығарылған. Елімізде саны 100 мыңнан асатын тоғыз диаспора және басқалай ұлттардың жекелеген өкілдері ғана тұрады. Яғни Қазақстан «көп ұлтты» деген тіркес ешқандай заңдық негізсіз, идеологиялық тұрғыда саусақтан сорып алынған тұжырым, КСРО конституциясынан орынсыз көшіріліп алынған советтік калка.
Іс жүзінде Қазақстан мемлекет құраушы қазақ халқының мемлекеттілігі. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері халықаралық нормалар бойынша диаспора деп аталады. Еліміздегі саясат ұлттар мен ұлыстардың бірлігі ретінде емес, түрлі диаспоралардың мемлекет құраушы қазақ халқының төңірегіне топтасуы тұрғысында жүргізілгені баянды.
Қазақстанда қазақ шовинизмі жоқ. Басқа этнос өкілдеріне бауырластықпен қарайды. Жасаған қылмысы болмаса ешкімді қудалаған емес. Сондықтан жасанды бағыттардан қашып, ұлттық кодты сақтау, рухани жаңғыру аясында этносаралық саясатты қазақ халқының төңірегіне топтасу бағытында түбегейлі реформалау қажет!
Марат Тоқашбаевтің фейсбуктегі жазбасынан