10 жел, 2016 сағат 14:06

Екібастұз «мылқауланып» барады


ГРЭС-інің биік мұнарасымен, кенішінің көлемімен Гиннестің рекордтар кітабына еніп, аты әлемге танымал болған Екібастұз қаласында мемлекеттік тілдің ахуалы оңбай-ақ қойды.

Александр Вербняк әкім болған тұста «шықпа, жаным, шықпалап» күн көрген мемлекеттік тілдің одан кейінгі жағдайы тіпті нашарлап тұр.

Бұрын әр жиынды «Каирлы кун, курмэтти жэрлестер!» деп бастайтын Александр Федоровичтің акцентіне екібастұздықтар «зейнетке шығатын күні алыс емес қой, бір жөні болар» дегендей түсіністік танытатын. Ал қазір жергілікті жұрт «бір апамнан бір апам әм сорақы» дерлік қалыпта.

Неге десеңіз, қазіргі әкім - «өз қазағым» - Қайрат Нүкенов қазақша сөйлеймін деп, «ық», «бық» деп, тіліміздің құтын қашырып жібереді. Мақал-мәтелдетіп сөйлегенді мүлде ұқпайтыны қиын. Әкім ұқпай қала  ма деген күдікпен жандайшаптарының бәрі тілдерін бұрап, орысша сөйлейді.

Мектепті орысша бітіріп, Железиндей халқының басым бөлігі өзге ұлт өкілдерінен құралған ауданда туып-өскендіктен, Қайрат Теміршотұлына «қазақшаға шорқақ» деп кінә артпауға да болатын еді. Алайда білдей бір қаланың, жай қаланың емес-ау, қарамағында ауыл-аймақтары, ірі-ірі өндіріс ошақтары бар қаланың әкімі болғандықтан, ол мемлекеттік тілде сайрап тұруы тиіс емес пе. Бір қызығы, Қайрат Нүкенов орыс тілінде де ауызекі сөзге керемет шебер емес. Көпшіліктің алдында сөз алғанда, ойын жинақы түрде жеткізе алмай, сөзден тосылып тұрғанын көресің. Қарамағындағылар жақсы біледі: ол кісі дәп бір кішкентай бала құсап «маленько» деген сөзді жиі қолданады.

Бір жиында тіпті дайын баяндаманы «тұтығып» оқып, «педагог мамандар» дегенді «педагогик мамандар» деп қалса керек, сол туралы «Мұнысы алкоголик дегенге ұқсап естілді», - деп жүрді ұстаздар қауымы біразға дейін.

Не ойы барын кім білсін, әйтеуір Қайрат Теміршотұлы Артем Гайдаренко атты жап-жас баланы өзінің кеңесшісі етіп тағайындады. Бұрын бұл орынтақта отырған Нияз Макраевтың ауыл шаруашылығы саласын немесе біз сөз етіп отырған мемлекеттік тілдің көкжиегін көгертіп тастағаны шамалы болатын. Ол өзінің бәз баяғы қызметі – жер қатынастары бөлімінің басшысы болып кеткенде, орнына дұрыс азамат келеріне сенімді едік. Жұрттан Артем Сергеевич қазақ тілін жақсы түсінетін азамат деп естідік. Солай-ақ болсын делік. Алайда Артем Гайдаренко ауыл шаруашылығы саласын реттеумен айналысатын кеңесші көрінеді. Олай болса, Артекең ауыл халқының тілінде сөйлей де білуі керек емес пе. Және де ауылда оралмандар да тұрады дегендей...

Бұл кісіге тоқтала кетер болсақ, 1988 жылы 4 шілдеде Павлодар облысы Қашыр ауданының Қашыр ауылында туыпты. Яғни, қазір жасы 28-де екен. Білімі – жоғары, 2010 жылы Инновациялық Еуразиялық  университетті құрылыс мамандығы бойынша бітірген. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 4 жыл. Сонда жасы 30-ға да толмаған, мемлекеттік қызметте тәжірибе жинап та жарытпаған адам қалай қаланың әкіміне кеңес бермек, не деп бермек?! Еңбек жолына қарасақ, «Ақсу қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы, «Павлодар облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы» мемлекеттік мекемесі бақылау бөлімінің бас маманы – бас контролер-тексерушісі, «Ақсу қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

Екібастұз қаласы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалғанға дейін «Ақсу қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары секторы меңгерушісінің лауазымын атқарған. Байқасаңыз, ауыл шаруашылығы саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайды екен...

Артем Сергеевичтің қазақшасын білмеймін, орысша да жарытымды сөйлей алмайды дейді білетіндер. Кеңесші деген баяғының Бұқарларындай сайрап тұрмайтын ба еді?!

Рас, кейінгі кезде әкімнің орынбасары Мәриям Мәлікова қағазға жазылған мәтіндерді дұп-дұрыс оқитын болып жүр. Бірақ Мәриям Дәулетбекқызының декреттік демалысқа шығатын күні жақын. Оның орнына «Нұр Отан» партиясы Екібастұз филиалы басшысының орынбасары Светлана Гладышева келеді екен деген сыбыс бар. Светлана Анатольевна келсе, әлеуметтік салада да мемлекеттік тіл ақсай беруі әбден мүмкін.

Әсілі, Екібастұзға Қайрат Нүкеновтің шақыруымен келген Светлана Гладышева – жұмысқа тиянақты, адамгершілік қасиеті жоғары жан. Енді оған тек бұрын Екібастұзда әкімнің орынбасары болған, қазір облыс әкімі орынбасарының лауазымындағы Николай Дычконың мемлекеттік тілді үйренуге деген талпынысы жетпей тұрған сияқты.

Светлана Анатольевнаны былай қойып, Николай Ивановичтен қала әкімінің өзі де үлгі алса болады. Өйткені Қайрат Теміршотұлы тіл үйрену үшін Керекуден Шолпан Кинжикованы шақыратын көрінеді. Ал Николай Дычко «алыстан арбаламай-ақ», жергілікті мамандардан сабақ алып, қазақша кітап оқып, ауызекі тілді тамаша түсініп кеткен.

Сөз орайы келгенде айта кетсек, жаздыгүні Екібастұзға әкімнің шақыруымен Шолпан Кинжикова келіп, саябақта флешмоб өткізді. О заман да бұ заман, тілді флешмоб арқылы насихаттағанды кім көрген! Ол ол ма, Шолпан апамыз семинар өткізеді деп, әкімдік мамандары дағарадай залға қаланың барлық кәсіпорындарының аудармашыларын жинап берді. Шолпан, апай, әрине, тегін келмей, семинар үшін ақы алған болар. Бірақ өткізген шарасының жиылған қауымға түк пайдасы болмады. Өйткені ол аудармашы мамандарды қайдағы бір ертегіні ұжымдасып тәржімалауға шақырды. Ертегі мазмұны бойынша орманда бір үй тұрады. Ол үйде майшам жанып тұр. Орыс тіліндегі мәтінде майшамның баяу жанатыны айтылған. Осындай түкке тұрмайтын сөйлемдерді аудартып, «Майшам ақырын жанып тұр»дегенді айтқан адамға: «Молодцы! Я обязательно расскажу Кайрату Темиршотовичу, как хорошо вы работали!» - деумен болды Шолпан апай. Шын мәнінде аударма «майшам маздап жанып тұр» болуы тиіс еді. Ол жағына Шолпан апай басын қатырмады бірақ. Қаланың үлкен кәсіпорындарының мамандарына бұл кісінің баланың ертегісін аудартуы «аңқау елге – арамза молданың» кері болды. Шын үйреткісі келсе, аударма саласында аяққа оралғы болып жүрген мәселелерді ортаға салып, онлайн-сөздіктер, басқа да жаңа технологиялармен бөліспес пе. Сөйтудің орнына ол қайта-қайта «Я обязательно расскажу про вас Кайрату Темиршотовичу» деп, өрескел қылық танытты.

Көңіл аударарлық жайт, әкім атаулы Президентті ауызға ала сөйлегенді ұнатады. Дұрыс қой. Бірақ Елбасымыз сияқты ана тілімізде көсіліп сөйлеуге тырыспайтындары таңғалдырады. Өздері сөйлей алмаса да, өзінің басқаруымен өтетін жиындардың мемлекеттік тілде өтуіне ықпал етсе ғой шіркіндер. Жоқ қой, жоқ. Сондайлардың бірі – осы Нүкенов көкеміз. Енді оның екі бірдей орынбасары мемлекеттік тілде мүлдем сөйлемей, мыңқиып отырса, онда не болмақ? Тұтыққанымыз аздай, мылқаулыққа да бой алдыру қаупі елестегенде, «Қайран Николай Ивановичім-ай, маңдайымызға тағдыр ең болмаса сені жазбағанын қарашы!» - дейтін болып жүрміз...

Арқабек Әжімұқан, Павлодар облысы

Ұлт порталы