Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ жазуының емле ережелері жарық көрді. Көптен күткен ереженің дені – «бұрынғы». Бірақ «бұрынғының» да жаңалығы табылып жатыр. Оның бірі – бірге жазылатын сөздердің емлесі. Тәуелсіздік алғанннан кейінгі жарық көрген «Қазақ тілі орфографиясының сөздіктерінде» (2001, 2005, 2007, 2013жж.) бірге жазылатын сөздер қатары молайғаны бар еді. Бірақ тілші ғалымдардың бірқатары және жазумен айналысатын біршама әлеумет сөздердің «бірігуіне қарсы» екен. Бұл – жазу реформасы тұсындағы назар аударарлық жай, «ескінің жаңалығы» болды.
Емле ережелерінің алғашқы нұсқалары талқыланған «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі» ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының отырыстарында тілші-ғалымдар тарапынан ұрда-жық, уда-шу, сарымай, ақкөңіл, дүниеқоңыз сияқты бірге жазылатын сөздерді енді жаңа графикамен бөлек жазу ұсынылды. Уәж ретінде – «бұлар синтаксистік және фразеологиялық сөз тіркестері», «сөз тіркестері мен фразеологизмдер міндетті түрде бөлек жазылуы керек», «сөйлем мүшесі ретінде талданады», «сыңарлар арасында синтаксистік қатынас бар» деген себептер ұсынылды. Тілші-ғалымдар тарапынан айтылып жатқаннан кейін бұл пікірлер мәселені одан әрі қиындатты. Сондықтан әңгімені басынан бастауға тура келеді.
Сөздердің бөлек, бірге таңбалануы – адамның психофизиологиялық болмысына әсер ететін “көру-жазу тіліндегі”(Ф.Соссюр) ерекше құбылыс. Тіпті этностың дүниетанымдық сипаты мен этнос тілінің сөзжасамдық үлгісінің ерекшелігі болып табылатын да белгі дейді ғалымдар. Неміс оқымыстысы Л.Вейсгербер неміс тілінде сөздерді біріктірудің өнімді тәсіл болуын ұлттық ойлаудың абстракті сипатыныңкүштілігіне теңгереді. Тілдік таңбаны бүтін көру (яғни оқу) немесеарасын үзбей жазу адам санасының жоғарылауынан, ой тұтастығы мен ұғым бірлігінен, жалпылық пен абстрактіліктен өрбиді.
«Бірге жазамыз ба, бөлек жазамыз ба?»деген сауал барлық тілдердің емле мәселесіне айналып отыр. А.А.Реформатскийдің 1937 жылы “орфографияның ешбір проблемасы сөздердің бірге, бөлек, дефиспен жазу мәселесіндей қиындық тудырмайды” деген сөзін бүгін де қайталауға болады.
Алдымен ұғымдарды айырып алсақ. Біріккен сөз термині мен бірге жазылу термині – екі түрлі саланың ұғымдары. Біріккен сөз – тілдік сөзжасам термині, яғни екі сөзден құралып, бірге жазылатын күрделі сөздің бірге жазылатын түрі. Ал бірге жазылу – грамматологиялық термин (оны ғылыми жұмыста босаралықсыз таңбалану деп те атадық), орфографияның ұғымы, сөзжасам процесінің жазу тұрпаты, сөзжасамдық үлгінің орфографиялық кескіні. Емледе күрделі сөз (біріккен сөз, қос сөз, кіріккен сөз, тіркескен сөз) біріге, кіріге, дефиспен және бөлек таңбаланады. Қазақ тілінің бір ерекшелігі күрделі сөз сыңарларының арасындағы мағыналық-құрылымдық қатынас тұрпатында мүмкіндігінше көрініс тауып отырады. Бірақ ол – процесс түрінде баяу жүреді. Сол себепті сөздердің біріккен, тіркескен, кіріккен не қос сөз болуының мазмұны мен кескінделуі сай келмей жатады. Сөзжасамдық бір үлгідегі сөздердің бірі бірігу процесінен өткен, енді бірі бірігу процесінде, енді бірі бірігу алдында тұруы мүмкін. Жазарман тілдік интуициясы арқылы мазмұн мен тұрпатты сәйкестендіріп дұрыс таңбалай алар еді. Болмаса емле сөздігіне сай таңбалайды. Мысалы, сарымай/сармай,қызыл май, қара май; ақмай, тоң май;іш май, құйрықмай, жілік май, шарбымай, бүйрек май; сұйықмай,өсімдік майы, зәйтүн майы; жер май, қара май деген сөздердің соңғы сыңарлары ортақ болғандықтан бір үлгімен жасалғандай көрінеді. Алайда алдыңғы үшеуі – сарымай/сармай,ақмай, қызыл май – сын есім мен зат есім тіркесі; соңғылары зат есім-зат есім тіркесі. Сын есім-зат есім тіркесінде сындық мағына көмескіленген. Қ.Жұбанов “сары майдың ақ, көгілдір түрлері де кездеседі” (Қ. Жұбанов, 225б.) дейді. Сары май– әбден шайқалып, сүтінен мұқият ажыратылған, қойдың қарнына ұзақ уақыт сақтала сары түсін сақтаған, басқа тағамдық майлардан құнарлылығы өте жоғары май. Уақыт өте келе оның түсінің сап-сары, сары, ақшыл сары, ақ сары, көгілдір болуы емес, оның құнарлылығы, сапасының жоғары, яғни сапа ұзақтығы мәнге ие болады. Тұрақты сыңарымен бірігіп қана атау болатынын «түсінеді». Мағынасы көмескіленген сыңар «көмекті» қасындағы сыңардан «іздейді». Сондықтан сарымай, қарамай (техн.май), қызылмай (дәрілік май) сөздеріндегі сары, қызыл, қара сөздері өз мағынасынан ауытқып, май сыңарымен бірігіп қана толыққанды атауға айнала алады. Бұл бірігу процесі (әсіресе сарымай мен қарамай) ұзақ уақытты алған. Ол ұзақтық бір сөздің бірге, ал соған ұқсас енді бір сөздің бөлек жазылып жүре беруіне әкеледі. Сөйтіп, біз модельдердің сырт тұрпатына қарап: «мына сөз бірге, ал мына сөз неге бөлек?» деген әңгіме шығарамыз.
Қазақ лингвистикасының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов 30 жылдары біріккен сөздерді қалыпқа түскен ортақ заңы жоқ, заңсыз қосынды деген, біріккен сөздердің пайда болуының ұзақ сонарлы процесс екенін, аралық жағдайда көп жүріп, жалған көзқарас қалыптастыру мүмкіндігін ескерткен!“Қарға қара құс болғанмен де қара құс емес, ақ сары, қарақұс, қара құс болмағанмен де, қарақұс” (сонда, 224б.) деген зерттеушінің сөзі – біріккен сөз жасалуының семантикалық жолының тамаша мысалы. Ал қолғап сөзін түсіндіргені естеріңізде бар ма? Көреген ғалым қолғап сөзіндегі қап сыңары мешок мағынасында емес, чехол мағынасында қолданылғандықтан, тіркескен сөз бірігетінін айтады. Уық қап, кереге қап, аяқ қапдеген қап сыңарымен келетін өзге күрделі сөздерден өз заманы сөзжасамындағы айырмашылығын осылай танытқан. Сонымен, сарымай, қолғап сөздері – қазақ сөздерінің табиғи жолмен бірігу процесін басынан өткізген сөздер. Ал қызылмай, қарамай сөздері бірігу процесіндегі сөздер, сондықтан тоны Емле сөздігі біріктіріп, сөздіктердің реестріне шығарады. Өйткені емле сөздігіндегі орфограммалар бас-аяғы 5-10 жылда қолданысқа еніп тұрақтанады. Сондықтан бірігу процесінде тұрған сөздерді емле сөздігі алдын ала біріктіріп отырады.
Сол сияқты ұрда-жық, уда-шу сөздерін алайық. Бұл сөздер 1988 жылғы Орфографиялық сөздіктен (редакторы – Р.Сыздық) бастап осы формада жазылып келеді. лдымен «ұру сосын жығу», «уілдеу және шуылдау» (немесе қос сөздің мағыналы-мағынасыз түрі (ат-мат, шай-пай сияқты) ретінде) деген күрделі қимылдарды сипаттау арқылы пайда болғаны белгілі. Бірақ тіл – тірі ағза. Мағыналық өзгерістер бұл сөзді «ожар, содыр» мағынасының жеңілтектеу сипатын атайтын сөз деңгейіне көтерді. Сөйтіп, «ұр да жық» бірігудің табиғи жолы – дефис – арқылы жазылды. Бұл бірігудің алдындағы саты деген сөзеді. Ол ұрдажықтық деген біріккен сөзді жасады. Емле ережесін талқылауда бірқатар ғалымдар аталған сөздер дефис арқылы жазылмайды, ұр, сосын жық деген екі қимылды көрсетеді, сондықтан бөлек жазылу керек дегенді алға тартты. Да демеулік шылау, сөйлем мүшесіне талданады деді. Ұрда-жық, аста-төк, уда-шу сөздерін кір де шық, бар да айт деген синтаксистік еркін сөз тіркестерімен бір деңгейде қарады. Ұрда-жық, содырлау адам, аста-төк молшылық заман, уда-шу болу қимылды емес, сипаттың тұрақты атауына айналған сөздер, сондықтан олардың орфографиялық кескіндері, образдары алдыңғылармен бірдей бола алмайды. Сипаттау емес, атау сөз қызметіне көшкенін орфографиялық кескінделуі арқылы осылай білдіре аламыз.
Сөздік қорды байытатын тіркескен сөздерді (олар ғылыми әдебиетте күрделі сөз, тіркесті түбір, атаулы тіркес, түйдекті тіркестер, шектеулі тіркес, лексикаланған тіркес деп әртүрлі аталып жүр) синтаксистік сөз тіркесімен салыстырудың, сөз тіркесі құрамында қараудың олардың сыңарлары арасынан синтаксистік қатынас іздеудің қажеті жоқ, сөйлем мүшесі ретінде мүшелеп талдау, артық. «Сөйлемнен тыс, тек соған керекті құрылыс материалы ретінде қаралатын сөз тіркестері сөздер тәрізді болады да, тілдің номинативті кұралдарының саласына, заттарды, құбылыстарды, процестерді белгілеу құралдарының қатарына енеді” делінген баяғыда (Виноградов В.В. , 1954).
Біз бұдан еш ұтылмаймыз. Бұндай аталымдарды сөйлем мүшесіне, сөз тіркесіне талдауға ыңғайлы болу үшін ғана осы өрістен шығармай отырсақ, сөздік қор байымайды. Сөз жасалмайды, сөзжасамдық тәсілге тұсау саламыз. Қазақ тілінің сөздік қорын толық көрсете алмаймыз. Мысалы. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» алғаш 1959–1961жж. екі том болып жарық көргенде
(редакторы – I.Кеңесбаев) сөздікте 18 135 сөз, 3 371 фразеологиялық тіркес бар еді. Ал 1974-1986жж. он томға жиналған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»
(редакторы – А.Ысқақов) 66 мың 994 атау сөз, 24 мың 508 фраезологиялық тіркес енді (ф.ғ.к. А.Үдербаев зерттеуі бойынша). Енді 2006-2011жж. шыққан он бестомдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»
атау сөз 92200-ден астам болса, 57800-ге жуық тұрақты тіркес қамтылды. Сонда 20-25 жыл ішінде дара сөз 66 мыңнан 92 мыңға қалай өсті? Бұл сөздер жаңадан жасала қалды ма? Бұрын қайда болған деген заңды сауал туады. 2013 ж. шыққан бір томдық «Қазақ сөздігінде» тіпті бұл сан 106 мыңға ұлғайды. Оның себебі номинациялану деңгейіне жеткен, зат пен сипаттың, ұғымның тұрақты атауына көшкен осы сияқты сөздерді бірге жазып, реестрге шығаруда еді.
Бұл қадамның дұрыстығын лингвист ғалымдар 70 жылдардан бастап айтты. Проф. А. Ысқақов тіркескен сөздер “практикалық тұрғыдан қарағанда жалаң сөздердің өресі жетпейтін қызмет атқарады, олардың олқылықтарын толтырады, ал теориялық тұрғыдан, дара сөздермен жарыса өмір сүріп, сол дара сөздердің тууына негіз болып қызмет етеді” деді (Ысқақов, 120б.). Проф. М.Балақаев “Қабысқан сөз тіркестері түйдекті топқа, одан біріккен сөзге айналу процесінде, бір сөзге айналғанда олардың біртіңдеп синтаксистік байланысы ыдырап кетеді. Сол процестің ұзақтығынан, бірігу дәрежелерінің әртүрлі болатындығынан біріккен сөзді айырып тану қиын” деген (Балақаев, 205б.). “Біріктіру – жинақылықтың белгісі. Жинақылық –мәдениетіліктің нышаны. Мәдениетті елдің жазуы тілдегі сөз тұтастығын бұзбай, адамдардың психологиялық ойлау қабілетіне сәйкес болуға тиіс. Адамның жазу әрекеті мен көру әрекеті үйлесіп, қалыптасқан сайын тілдік сана-сезім күшейе түседі” деген және ғалым (сонда, 207б.). Профессор Б.Қасым 90 жылдары «Бүгінгі қазақ тіл білімінің міндеті күрделі сөздің номинациялық негізін анықтап, осы топтың сөздік дәрежеге жеткенін белгілеу болу тиіс» деген еді. Ол үшін формалды жақтан бөлек таңбаланып жүрген күрделі сөздерді біріктіріп жазу қажеттілігін айтқан (Қасым, 263б). 70 жылдардан бастап бірде-бір, кемде-кем, ұрда-жық, уда-шу, аста-төк, өлде-маған, кімде-кім, қоярда-қоймай, құлында-құлыны шығу, қолма-қол, ауызба-ауыз, көзбе-көз, бетпе-бет, баспа-бас, нақпа-нақ деген атаулар жинақы жазыла бастады. Бұл жинақылыққа жазарман да, тілдік сана да үйреніп алды. Енді оны бұзудың қажеті жоқ.
Сонымен, сөз мағынасындағы өзгерістер формада көрініс тауып отыру керек. Сөздің жазудағы тұрпаты оның мазмұнына сай келмесе, тілдің коммуникативтік қызметі әлсіреп, адамдардың ойлау қабілеті тоқырауға ұшырайды.
Құралай Күдеринова,
ф.ғ.д., Қазақ жазуын латын графикасына көшіруге байланысты ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы мүшесі, профессор
Арнайы Ұлт порталы үшін