04 мау, 2020 сағат 12:15

Асқар Омаров. "Мұндай ауыр қасіретті халқымыз жадынан өшіре алмайды..."

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қазақ даласында болған ашаршылықтың құпиясын ашып, оған әділ баға беру жөнінде қоғам талабы жылдан жылға күшейіп келеді. Осы ретте тарих ғылымдарының докторы, әріптесіміз Дархан Қыдырәлі бүгін ҚазАқпарат агенттігі арқылы жақсы бір ұсынысты ортаға тастады. Мен де бір ауыз пікір білдірсем деймін.

Біріншіден, ашаршылық жылдарын «Алапат қасірет» кезеңі деп атауды қолдаймын. Халқымыздың басынан өткен сол нәубетті біз осы уақытқа дейін бірде ашаршылық, бірде зұлмат деп жүрміз. Ашаршылық сөзінің өзі – "голодомордың" тікелей аудармасы. Ал зұлмат - кең ұғым. Мұндай ауқымдағы нәубет әлем халқының біразының басынан өткен.

Ақтабан күйде шұбырып, Сырдан өтіп Алқакөлге жетіп құлаған қазақтың тарихындағы ауыр қасіреттің бірінің «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен тарихта қалғаны белгілі. Мұндай ауыр қасіретті халқымыз жадынан өшіре алмайды.

Совет билігі тұсында ашаршылық жайында ауыз ашуға тыйым салынғандықтан, өткен ғасырдағы нәубеттің нақты атауы болмады. Бұл ұлы трагедия болғандықтан біз қазақ даласындағы сол ашаршылық кезеңін - «Алапат қасірет» деп атасақ болады.

Алапат қасіреттің болғанын мойындадық, тарихы зерттеліп жатыр. Себебі халқымыздың басына мұндай қасіреттің айналып соққанын, большевиктердің қанға боялған қызыл идеологиясының қайта оралғанын қаламаймыз! Алапат қасірет қайталанбасын!  

Меніңше бұл мәселемен ғалымдар айналысу қажет. Кім кінәлі? Қанша адам қырылды? Бұл қолдан жасалған зұлматын саяси статусы қандай? Нақты жауапсыз сұрақтар өте көп.

Сол кезде ғана «АЛАПАТ ҚАСІРЕТ» тарихи кезеңі ресми түрде нақты бағасын ала алады.

Асқар Омаров, 

журналист, зерттеуші

"Ұлт порталы"