17 қаң, 2018 сағат 15:39

АҚШ сапарында Қазақстан көшбасшысына лайықты баға берілді – Тоқаев

Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-қа сапары бойынша ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасында жазды.

«Дональд Трамп Қазақстанды Корей түбегін денуклеаризациялау жөніндегі әріптесі деп атады. Тарихи маңызды сапар!» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақ үйдегі келіссөздері Қазақстан мен АҚШ-тың екіжақты ынтымақтастықты дамыту және халықаралық жағдайлар мәселелері жөніндегі ұстанымдарының ұқсас екенін көрсететінін айтты.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Вашингтон айрықша ықыласпен қабылдап, Дональд Трамп «зор құрметке ие» лидер деп атады. Өз елінде де, халықаралық қоғамдастықта да еңбегі еленген Қазақстан көшбасшысына лайықты баға берілді», - деді Сенат спикері.

Естеріңізде болса, Қазақстан Президентінің биылғы 16-18 қаңтарда Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен баратыны туралы хабарлаған болатынбыз. Онда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарланды. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа барған сәтінен видео жариялады. Елбасын Дональд Трамптың өзі қарсы алып, мұны үлкен мәртебеге балады.

Ақ үйде өткен кездесуде Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнағанын айтып өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдері, АҚШ-тың энергетика министрі және «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» мемлекеттік агенттігінің президентімен кездесті. Сапар соңында Назарбаев Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бойынша БАҚ үшін брифинг өткізді.