06 мам, 2024 сағат 22:31

Костенко шахтасының электр дәнекерлеушісі Айбар Қосановқа «Еңбек Даңқы» ордені табысталды

Фото: Айзада Агильбаева/ Kazinform

Қарағанды облысының әкімі Костенко атындағы шахтаның электр дәнекерлеушісі Айбар Қосановқа Мемлекет басшысының атынан «Еңбек Даңқы» орденін табыс етті. Ол конвейерлік штректегі түтінді жалғыз өзі жойған болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform-ға сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, 2 мамыр күні кешке Костенко атындағы шахтадағы К3 қабатының 4-ші конвейерлік штрегіндегі түтін шыққан болатын. Конвейерлік штрек учаскесінің электр дәнекерлеушісі Айбар Қосанов алғашқы өрт сөндіру құралдарының көмегімен түтінді жойды.

Сонымен қатар шахтаның басқару бөлмесінде түтін туралы ескерту жүйесі де іске қосылған болатын. Түтін жойылғанына қарамастан, эвакуация жоспарын енгізу және 194 кеншіні жер бетіне шығару туралы шешім қабылданды. Алдын ала болжам бойынша, түтіннің пайда болуына төменгі кенептің ролигіне бөгде заттың түсуі, соның салдарынан роликтің жұмысы бұғатталуы себеп болды. Бұл конвейер таспасының түтіндеуіне әкеп соққан.

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Костенко атындағы шахтаның жерасты учаскесінің электр слесарі Айбар Қосановты ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттады.

«Айбар тапқырлық танытты. Ол шахтада болуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алды. Еңбегіңіз үшін рақмет, ата-анаңызға осындай ұл тәрбиелегені үшін рақмет», - деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.



Айта кету керек, 28 қазанда бұл шахтада газ-ауа қоспасы жарылған болатын. Салдарынан 46 кенші қаза тапты. Қайғылы оқиғаның әлі ізі суи қоймағананы қарамастан, Айбар еш жүрексінбестен, тағы бір оқиғаның алдын алды. Шахта басшылығы оның ерлігіне риза.

«Айбар тез жинақталып, шапшаң әрекет етті. 750 метрге дейін жүгіріп өтті. Бұл – ерлік. Егер ол болмаса, оқиға салдарын болжау мүмкін болмас еді. Ол арнайы дайындықтан өткен жоқ, сондықтан ол жерге баруға міндетті емес еді. Бірақ қауіпке қарамай, әріптестерін құтқарды», - дейді Костенко шахтасының директоры Денис Дымов.


«Мен түтін туралы естіген бойда бірден 700 метр төменге қарай жүгірдім. Түтінді көргенде екі өрт сөндіргішті алып, ошаққа қарай бардым. Ол кезде ештеңе ойламадым. Мен тек адамдарды құтқарғым келді. Тіпті, отбасым туралы да ойламадым», - дейді Айбар Қосанов.


Айбар Қосанов 38 жаста. Ол Шет ауданының тумасы. Костенко шахтасында қызмет етіп жатқанына үш жыл болды. Жұбайымен екі бала тәрбиелеп отыр.