11 шіл, 2022 сағат 16:56

«Жыр арқауы - Алаша хан, Жошы хан» атты жыр мүшәйрасы жарияланды


Мемлекет басшысы Жарлығымен Ұлытау облысының құрылуы және киелі өңірдің тарихи тұлғаларын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырған «Алаша хан, Жошы хан – жыр арқауы» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасының ережесі жарияланды.

Іс-шараның мақсаты

Ұлытау облысы Жезқазған қаласының «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің» ұйымдастыруымен және республикалық «Ана тілі» Ұлт  газетінің қолдауымен өтетін жыр сайысының басты мақсаты:

Бабалар тарихын дәріптеу, ұлт бірлігін ұлықтау. 

Ұлтымыздың тарихи тұлғаларын дәріптеу. 

Жас ақын-жазушыларды қолдау, шығармашылығын халыққа таныстыру.  

Жас ұрпақтың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру. 

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін дәріптеу. 

Мүшәйраның талаптары мен шарттары:

Мүшәйраға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және барлық облыстан 18-40 жас аралығындағы ынта білдірген ақындар қатыса алады.  

Қатысушы әр ақын үш өлең жібереді:

1 өлең – Ұлытау жерінің тарихына (аңыз, әңгімеге арқау болған) қатысты;

1 өлең – Ұлытау жеріндегі тарихи тұлғаға қатысты;

1 өлең – еркін тақырыпта.

- Бұдан бұрын конкурсқа қатысқан немесе баспасөз бетінде жарияланған шығармалар қабылданбайды; 

- Мүшәйра шарттарына сай келмейтін шығармалар қатыстырылмайды, жарияланбайды;

- Байқауға ұсынылған шығармалар мынадай үлгіде компьютерде терілуі керек: Word, Times New Roman, кегль №14, аралық интервал 1.

- Шығарма мәтіні электрондық нұсқада қабылданады. Автордың тегі, аты, жөні, шығарманың атауы көрсетіледі.

- Ұсынылған шығармамен қоса автор өзі туралы қысқаша мәлімет (өмірдерек), жеке куәлігінңң көшірмесін, 6х9 фотосуретін, байланыс телефоны,  оқу орны немесе жұмыс орыны туралы мәліметті қоса тапсыруы керек; 

- Үміткерлердің шығармалары 2022 жылдың 20 тамызына дейін mushaira2022@mail.ru электронды мекен-жай бойынша қабылданады. 

Мүшәйраның қорытынды шарасы 2022 жылдың 10 қыркүйек күні  өтеді деп жоспарлануда (өзгерістер қосымша хабарланады). Қабылданған шығармалар қазылар алқасының сараптауынан өтеді. Лайықты деген шығармалар марапаттауға ұсынылады. 

Марапаттау рәсіміне жүлдегерлер ғана шақырылады, іссапар шығыны (барып-қайту жолы, жатын орын ақысы, тамақтану) қатысушы тарапынан. 

Қолжазба авторға қайтарылмайды, қазылар шешімі қайта қаралмайды. Мерзімінен кешіктірілген шығармалар сараптауға жіберілмейді. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар беріледі. 

Үміткерлер өнерін бағалау кезінде:

Ақынның сөз  тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі;

Тақырыптың ашылуы, әдеби қолданыстарды (теңеу, эпитет, метафора)  қолдану шеберлігіне;

Ой мен қиялдың ұшқырлығы, идеялық мазмұнына баса назар аударылады.

Мүшәйра жеңімпаздарын марапаттау

Мүшәйра қорытындысы бойынша жазба ақындарға төмендегідей жүлделі орындар тағайындалады: 

Бас жүлде – 700 000 теңге; 

1-орын (біреу) –  500 000 теңге;

2-орын (біреу) –  400 000 теңге;

3-орын (біреу) – 300 000 теңге;

Арнайы сыйлықтар:

Нұрперзент Домбай атындағы сыйлық – 200 мың теңге;

Ынталандыру сыйлықтары (үшеу) – әрқайсысы 50 мың теңгеден. 

Қазылар алқасының шешімімен анықталған мүшәйра жеңімпаздары ұйымдастыру алқасы дайындаған дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапатталады.  

Ескерту: Үміткерлердің ұпайлары тең болған жағдайда, жүлдегер төрағаның пікірімен анықталады.