04 нау, 2021 сағат 16:00

Жыл сайын еліміздің ауыл шаруашылығында 80 инвест-жоба іске қосылмақ

Алдағы 5 жылда аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің 380 жаңа инвестициялық жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оның 65%-дан астамы - ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын алмастыруға бағытталған жобалар. Қалғаны АӨК экспорттық әлеуетін арттыру міндетіне жауап береді. Олар - жаңа бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар және басқалар», - дейді ҚР АШМ стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Сәуле Молдабаева. 

Оның айтуынша, жыл сайын орта есеппен 80-ге жуық жобаны іске қосу жоспарланған. 

«АӨК-дегі жаңа инвестициялық жобалар да Мемлекет басшысының дәнді және майлы дақылдарды, жеміс пен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және қайта өңдеу жөніндегі 7 ірі экожүйені құру жөніндегі тапсырмасын орындаудың ажырамас бөлігі болады. Мысалы, өсімдік шаруашылығында «BioOperations» ЖШС зәкірлі кәсіпорнымен Солтүстік Қазақстан облысында астық өндіру және қайта өңдеу бойынша экожүйе құрылады. Кооперация қағидаты бойынша экожүйе астықты терең өңдеу зауытын, құрама жем зауытын, құс шаруашылығы кешенін, тауарлы сүт фермасын және осы кәсіпорындарды ауыл шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз ететін өндірушілерді біріктіреді», - дейді ол.