18 там, 2020 сағат 11:23

Жусан (Психологиялық драма)

ЖУСАН

        (Психологиялық драма)   

Жәдігер - жас жігіт (22 жаста)

Ажар - психолог (60 жаста)

Ақмарал – тергеуші (40 жаста)

2-Жәдігер (Лақап аты  – Абдуррафих) – діни кітаптарды көп оқыған 22 жастағы жігіт 

Әбубәкір (араб) – лаңкес (30 жаста)

Серік (Лақап аты – Саид-Ахмед) - діни кітаптарды көп оқыған 22 жастағы жігіт

Жандос (Лақап аты – Заид) - азғырушы адам (25 жаста)

Қарақат (Лақап аты - Асма) - Сириядағы қазақ қызы (22 жаста)

 

(Сахна ашылмастан бұрын өлең оқылады. Желдің уілдеген дауысы мен домбыраның қоңыр үні естіледі) 

Бабам сансыз өнерге ие болған,

Аласы мен құласын қатар сүйген

Туған жердің төсіне кие қонған.

 

Ғұмыр кештік осыны түйсіне алмай,

Кемпірқосақ асынған атыраптың,

Ақ жауыннан кейінгі исі қандай?!

 

Қу сағымын күн сайын қусам екен,

Тәннің дертін емдейтін, жанның дертін,

Қасиетті, қадірлі Жусан екен!

1 – көрініс

(Өң мен түстің, ұйқы мен қиялдың арасында адасып, мағынасыздыққа шырмалған Жәдігердің көзіне елестемейтін нәрсе жоқ. Жанарының ішінде көлбеңдеген сұлбалар жас жігіттің зәре-құтын ұшырады)

Жәдігер: Сен кімсің?

2-Жәдігер: Мен Раққада* қалған Абдуррафихпін! Жәдігермін мен! 

Жәжігер: Жәдігер?! (Таңданыспен) Мен кіммін сонда? 

2-Жәдігер: Сен жолынан жаңылып, шарасыздықты жамылып, еліне әрең қайтқан Жәдігерсің! (Елес жоғалады)

Жәдігер: Еліне әрең қайтқан Жәдігерсің дейсің бе?! (Жылайды, күледі) Тынысым тарылып барады... Бұл мен бе?! Мен емес пе?! Бар да, жоқ та сияқтымын. Ішімде бір адам сөйлейтін секілді. Ол менің күнәларымды, кінәларымды сәт сайын есіме салады. Жоқ! Менде кінә жоқ! Мен күнәһар емеспін! Мен ештеңе бүлдірген жоқпын! (Өз-өзіне сұрақ қойып, өз ойынан өзі шошиды) Неге маған адамдар біртүрлі көзқараспен қарайды? Мүмкін, оның айтқандары рас шығар?! Мен бәрін дұрыс жасағанмын! (Кенет досын еске алады) Серік... Серік... Серік! (Қос қолымен жер қармап, әлдене іздегендей болады) Кеудеңде жаның болса, дыбысташы! Мені жалғыз қалдырма! Неге үндемейсің?! Әлде, аяқ-қолың жұлынып, козғала алмай жатырсың ба?!(Сәл үнсіздіктен кейін) Кеттім! Келдім!

Түк те өзгерген жоқ. Бірақ, өзіммен-өзім сөйлесіп, қайдағы-жайдағыны неге ойлай береді екем?! Жооооқ! (Ажар Жәдігерге жақындайды)

Ажар: Не боп қалды, балам?! Не болды?!

Жәдігер: Әже, мен үйдемін ғой, айтшы?! Үйде екеніме сендірші мені. Маған ″үйдесің″ деші.

Ажар: Тағы қорқынышты түс көргенсің бе? 

Жәдігер: Рейханның... Шамның... Багуздың... Хаманың...* тас-талқаны шыққан көшелері, сәбилердің қанжоса болған тәні, әбден шошынған әйелдердің бейнесі көз алдымнан кетпейді.

Ажар: Сенің жүйке-жүйеңде, алпыс екі тамырыңда шайқас ойнақ салса, менің әрбір демімде, менің әрбір сөзімде сен барсың, алтыным!

(Ажар мен Жәдігердің жанына Ақмарал келеді)

Ақмарал: Сәлеметсіз бе?!

Жәдігер: Көрші апа?! (Психолог Ажар тергеуші Ақмаралға оны Жәдігердің көршісі, досы Серіктің анасына ұқсатқанын ыммен түсіндіреді) 

Ажар: Амансың ба, айналайын! Қош келдің!

Жәдігер: Хәліңіз қалай, жақсысыз ба?

Ақмарал: (Көршінің кейпіне еніп) Жақсымын! Өздеріңіз қалайсыздар?

Ажар: Құдайға шүкір, есен-саумыз. Балаңнан хабар бар ма?

Ақмарал: «Жусан» операциясымен қаңтарда келгендердің арасында да, мамырда келгендердің арасында да жоқ. Вокзалға, аэропортқа барып: «Баламның атына алынған билет бар ма», - деп сұрадым. «Жоқ» деді. Жұрттың баласы келіп жатыр. Ал, менің Серігімнің қарасы көрінбейді. Құдай-ау, не көрмедім! Күту... Күту... Тағы да күту... Күтуден басқа не амал бар? Солған үмітім де үзілуге жақын.

Ажар: Үш жыл бойы көз жасыңды көлдетіп, сары уайымға салындың. Бұлай жалғаса берсе, ауырып қаласың.

Ақмарал: Қалай ойламаймын?! Үш жыл... Шаршатқан... қалжыратқан үш жыл. Серігімнің не өлі, не тірі екенін біле алмай, бір ауыз хабарына зар болдым. Не істеймін? Жәдігерден ұлым туралы сұраған сайын қатты қиналамын. Соғыс есіме түссе, денем түршігеді. Кеше баламды елге қайтаруды өтініп, құқық қорғау органдарынан көмек сұрадым. Уақыт керегін айтты. Мақашаты көп жұмыс екен. Бізге бәрі оңай көрінеді. Ұлым келгенше тағатым таусылар.

Ажар: Иә, солай... Сені менен артық түсінетін кім бар?! 

Ақмарал: Немереңіздің оралғанына қуаныштымын. Әйтеуір, баламның тірі екенін білдім. Енді аман-есен келуін күту ғана қалды.

Ажар: Шәй әзірлейін. Әңгімелесе тұрыңдар!

(Ажар шығып кетеді. Ақмарал тергеуге кіріседі)

Ақмарал: Ақанов Жәдігер! Қалайсың?

Жәдігер: Жақсымын. (Абдырап)

Ақмарал: Мені танып тұрсың ғой, иә?

Жәдігер: О не дегеніңіз? Әрине, танып тұрмын. 

Ақмарал: Серік туралы айтшы маған... 

Жәдігер: Ол қайсар жігіт. Жағдайы жақсы, уайымдамаңыз.

Ақмарал: Сен елде, өз үйіңде алаңсыз жүрсің. Ал, менің ұлым қиналуда. Неге үндемейсің? Тілің байланып қалды ма? Сен ғой баламды сол жаққа алып кеткен. Оны Жандоспен таныстырған да - Сенсің! Баламның құрдасы ғой деп баламдай жақсы көрдім. Сен болсаң, ту сыртымыздан пышақ ұрдың.

Жәдігер: Есімде ештеңе жоқ. Мені кешіріңізші.

Ақмарал: Есіңе түсір. Сен бәрің де білесің. Өтірік мүләйімсіме!

(Сахна қараңғылана түседі)


2 – көрініс

(Сахнада қара киімділер қаптап кетеді)

Әбубәкір: Ассаламуғалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ, кәйфа халукум? (Ассалаумағалейкүм, қалайсыңдар, амансыңдар ма?)

2-Жәдігер: Уалекумассалям уа рахматуллаһи уа баракатуһу. Алхамдулиллаһ. (Уағалейкүмассалам, жақсымыз.) 

Әбубәкір: Асмамен танысыңдар. Күйеуі жақында қаза тапты. Ерлікпен көз жұмғандардың жанұясын қаңғытып жіберуге тиісті емеспіз. Солай ма?

Серік: Әрине, солай. Сөзіңіздің жаны бар.

Жәдігер: Әсіресе, біздің халық - жесірі мен жетімін жылатпаған халық.

Әбубәкір: Иә! Мойындарыңа жүктелген міндетті ашық жеткізу маған – Серт, қалтқысыз орындау сендерге – Серт! Енді есімдеріңді естеріңнен шығарыңдар! Сен бүгіннен бастап Жәдігер емессің, Абдуррафихсің!

(Серік пен Жәдігер түсінбей бір-біріне қарайды)

Әбубәкір: (Серікке қарап) Ал, сен - Саид-Ахмедсің! Кешегідей емес, бастарыңа ақыл кірейін деген екен. Айтқан сөздеріңнің атылған оқпен тең екенін ескерттім. Қақпаныма топ ете қалдыңдар.

Енді... біреуің Асмамен некелесулерің  керек! 

Серік: Немене?!

Жәдігер: Некелескені несі? Махаббат қайда?!

Әбубәкір: Міне, саған махаббат!

(Бір жендет Жәдігерді қаруымен басынан салып қалады. Шекесінен қан сорғалаған Жәдігер шалқалай құлайды. Араша түскен Серік те тұмсықтан соққы алады.)

Әбубәкір: Ашуыма тидіңдер! Ойланбаған орға жығылады. Жаңа ғана жетім мен жесірді жылатпаймыз деп самбырлаған сендер емессіңдер ме?! Енді махаббат қайда деп оттап тұрсыңдар. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) ″Құдайды сүйгеннен кейінгі басты парыз – бір-біріңді сүю″ деген. Неке – сүюдің алғышарты.

Серік: Сабыр етіңіз! Сабыр етіңіз! Айтқанымыз рас. Алайда...

Әбубәкір: Ауыздарыңмен арпалыспай, қайыссың үйленесіңдер, соны шешіңдер, сәлдең соң қайта соғамын!

(Асманы ертіп, Әбубәкір кетіп қалады, Серік пен Жәдігер ғана қалады)

Серік: ″Некенің бір ұшы – алты қат аспанға, бір ұшы - жеті қат жерге байланған. Неке жібін үзсең – періштелердің күймесі күйрейді″ деген көне наным бар. Бұл жақта ешкім ескі иланымдарға мән бермейді екен. Жандос кінәлі бәріне. Біздің осында келуімізге себепші болды. 

Жәдігер: Иәә, Жандос кінәлі. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с): ″Алла бар. Ол аса мейірімді. Біз соның ғана бұйырған жолымен жүруіміз қажет″ деген. 

Серік: Асмаға кім үйленеді? Соны шешейік. Үйленбесек, өлеміз. Түсінгенім бойынша, олар бізді өздерінің айтағына көнетін әскерлердің қатарына қосты. 

Жәдігер: Сен үйленсеңші, Серік.

Серік: Жоқ! Болмайды! Мен ата-анамның келісімімен үйленуім керек. Ата-анамның келісімі деп қоямын. Бүгінге дейін оларды ойлаған кісіше. Сен үйленші, Жәдігер! Жалғыз әжеңнің көңілін табарсың.

Жәдігер: Еее, тағдырдың айдауымен осы сәтке де жеттік де... Жарайды, ендеше. өлместің қамы ғой бұл да.

(Асманы ертіп, Әбубәкір кіреді)

Әбубәкір: Иә, не шештіңдер?!

Серік: (Сәл үнсіздіктен кейін) Абдуррафих үйленетін болды.

Әбубәкір: Абдуррафих?! Кәне, өз аузыңнан естиін... (Салқынқандылықпен)

Жәдігер: Саид-Ахмедтің сөзін растаймын.

Әбубәкір: Жақсы. Саид-Ахмед, сен жүр. Шаруа бар! 

(Лаңкеске лесіп Серік кетеді. Жәдігер мен Асма оңаша қалады.)

Жәдігер: Асма... 

Қарақат: Иә, тыңдап тұрмын.

Жәдігер: Сен не, қазақсың ба?! Шын есімің кім?!

Қарақат: Қарақат... (Жасқанып)

Жәдігер: Күйеуің қалай қаза тапты?

Қарақат: Соғыста өлген екінші күйеуім. Бірінші күйеуімді Әбубәкірдің өзі өлтірді-ау деймін.

Жәдігер: Өзі өлтірді?! Неге?

Қарақат: Екеуіне ортақ құпияны біреуге байқамай жария қылғаны үшін қатты жазғырып еді. Кейін атылғанын білдім. 

Жәдігер: Екінші күйеуіңе қалай қосылдың?

Қарақат: Саған қалай қосты, оған да солай қосты. Оны да соғыста өлді деді ғой, өздері өлтірді ме, Құдай білсін...

Жәдігер: Ұлты қандай еді?

Қарақат: Қазақ емес! Айтқым келмейді.

Жәдігер: Қателеспесем, бірінші күйеуіңмен бірге келдің ғой?

Қарақат: Иә, бірге келіп, бірге кетемін деген оймен келдім!

(Қарақат жан сырын ақтарады)

Қарақат: Жұбайыма сенгенмін. Бір-бірімізге ессіз ғашық едік. Мені осы күнге дейін осыншама қиындыққа шыдатқан сол махаббат секілді. Үрейімді ұшыратын жандарға қарасам, алпыс екі тамырымды идіріп, жанымды шаттыққа толтырған таңдарға кетіп қалғым келеді. 

Жүрегімізде тулаған ыстық сезім бізді қандай жолға салып, қандай торға түсіретінін кім білген?! Бәрін сағындым... Ата-анамды да сағындым! Тіпті, ауылымдағы маған мүлде жат адамды да сағындым! Алаңсыз шақтарым мен аяулы анамның құшағында емін-еркін, уайымсыз қалың ойға батқаным - жиі есіме түседі. 

Тағдырдың ісіне шара бар ма?! Қазір нәзік жүрегім - тастай қатты... сөзім - жастай ащы... көзім - өткір, ойым - шашыраңқы, санам - сергелдең, төзімім - таусылған, сезімім - өлген!

Қайтсем екен?! Ұйқы бермей, шошытып, мазамды алған да - сұм соғыс; тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібіткен баламды алған да - сұм соғыс!

Мен енді бейбіт күнді уақытында бағаламаған бейбақпын!

2-Жәдігер: Бейбіт күнді кім бағалап жатыр дейсің?! (Бір-біріне жақындаған кезде сахна қараңғылана түседі) Талақ!!! (Қарақаттың шырқыраған жан дауысы естіледі)

3 – көрініс

(Құр сүлдесі қалған Қарақаттың жанына Жандос келеді)

Серік: Жәдігер?! Асма?! 

(Серікке біреу қару кезенеді) 

Жандос: Бері қара!

(Серік жалт бұрылады)

Серік: Жандос?! 

Жандос: Серік?! Бауырым-ай! Қалайсың? (Маңғазданып)

Серік: Жандос?! Бұл сенбісің?! Мұнда қайдан жүрсің?! Жәдігер қайда?

Жандос: Жәдігер де осында...

(Екеуі құшақтасады)

Серік: Не жыларымды, не күлерімді білмеймін. 

Жандос: Мына маңда танысыңды кездестіру бақыт қой.

Серік: Қайдағы бақыт?! Мені тауқыметтің үстіне әкеліп, тастап жібергеніңді есіме алсам, өртеніп кете жаздаймын. 

Жандос: Түсінбедім! Неге?! Мен не жасап қойдым? Менің қандай кінәм бар?!

Серік: Менің қандай кінәм бар дейсің бе?! Бір ауылдың ауасын жұтып, бір шатырдың астында бір табақтан ас ішкен, бір құдықтан су ішкен жан бауырыңды маң далада жер жастандырып, қаптаған қара қарғалардың жолында құрбан қылмақсың ба?! Артта қалған ағайынды қайғыға бөктіріп, жапан далада жортқан жыртқыштарға жем қылмақсың ба?! Оңған екенсің! Миың тіптен уланған екен! Бәріне кінәлі - сенсің! Мен сені осы жерде бауыздап өлтіремін! (Серік Жандосқа пышақ ала ұмтылады)

Жандос: Саид-Ахмед - Серік! Серік - Саид-Ахмед! Қалай-қалай сөйлейсің?! Бұл жақтағы жанкештілердің сеніміне шек келтіріп тұрсың ба?! (Шырт түкіріп, тістеніп) Жерлес екеніңді ғана ескеремін. (Тапаншасын кезеніп) Әйтпесе, жаңағы сөздерің сені өлімге жетелейтін еді. Сөзін қарай гөр. Қыдырам дедіңдер, қыдырдыңдар. Сендерге мағыналы іс-әрекетке, хақ жолға қарай бағыт берген мен емес пе едім?! Жандарыңдағы бақты жапан даладан іздеген өздерің емес пе?! Сау басына сақина тілеген адамды қауіптен құтқаратын амал – тірегі мықты адамның ығына жығылу. Дұрыс бағыт бердің деп алғыс айтудың орнына...

Серік: (Жандостың сөзін бөліп) Бүйткен бағытың құрысын! Алаңсыз күндерімді азайтып, мазасыз түндерімді көбейттің!

(Жандос пен Серік жұдырықтасады. Әбубәкір төбелестің үстінен түседі)

Жандос: Әбубәкір, мына Саид-Ахмед қашқалы жүр.

Әбубәкір: Рас па, Саид-Ахмед?! Бізде қашқындарға қандай жаза қолданылатынын білесің ғой? (Әбубәкірдің сөзінен кейін сахнаға асылып тұрған адамдар түсіріледі) Заид, бұл кіммен бірге келді?! 

Жандос: Абдуррафихпен! 

Әбәбәкір: Абдуррафих, сенімен бірге келген жігіт пе?  

2-Жәдігер: Иә!

Әбубәкір: Бауырыңмен қоштасып қал, Абдуррафих! Саид-Ахмедті жазалаңдар!

(Жендеттер өлтіруге ыңғайланады)

4 – көрініс

(Кейіпкерлер сандырақтаған Жәдігердің қасында кезекпен сөйлейді)

Ақмарал: Айыпталушы Ақанов Жәдігердің қылмыстық ісіне тергеу жүргізу маған жүктелді. Тергеу барысында жылдай бойы, айлар бойы келмеске кеткен ұлын ойлап, қайғырған ананың кейпіне енуіме тура келді. Тергеу жүргізу оңай болған жоқ. Мен Серікті жоғалтқан Ақмаралға айналып кетуге сәл қалдым: 

Күтуді тоқтатпадым. Балам кіріп келетіндей есікке қарай бердім. Жақыннан дауыс естілсе, аласұрдым. Жәдігер шындықты аңғарып қалған жоқ па деп... Ех, өз-өзін жоғалтқан жандар-ай. Күткені келмейтін де шығар. Алайда, ана жүрегі перзентін ойлай береді екен. Үмітін үзбейді екен... Сағынады екен, қамығады екен...

Тергеу нәтижесінде айыпталушының соғыс кезінде басынан соққы алғаны, қатты шошынғаны анықталды. Ақанов Жәдігердің ісін сотқа тапсырамын!

Асма: "Жусан" операциясымен елге оралдым. Қаншама жан өз еліне қайтты. Қаншама жан сол жақта қалды? Қазақ боп туғаныма қуанамын. Біздің ұлттың азаматтары мен азаматшалары анау өлкеден кетіп бара жатқанда өзге ұлт өкілдерінің көздерінде мөлдір тамшы мөлтілдеп тұрды. Азаптан құтылғаныма сенер-сенбесімді білмедім. Туған жерім алыстан мұнартқанда жүрегімнің жарылып кете жаздағанын-ай... Рахмет саған, тағдыр. Мені қайтадан еліммен, өз үйіммен табыстырғаныңа рахмет! 

Осы күніме де тәуба! Біз сияқты адасқан құлындарын өзекке теппей, қандай болса да өзімдікі деп бауырына басқан, шашылған жерімізден жинап алған Отанымыздың барына тәуба! Кімге керек едік біз, мейірімді Отанымыз болмаса?! Айыптымыз... Қайтсек жуылар екен ол айып?!

Ажар: Адам психологиясын зерттеу – шыдамды, еңбекті талап етеді. Біздің қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ұл-қыздарымыздың адасатыны қалай? Көрінгенге лесіп, дүниеге таласатыны қалай?! Қоштаспастан жоғалып, зарықтырып, сағынтып, қайдағы жоқ сандырақтармен санасын улап оралатыны қалай?! Бауыр етің - балаң қашан да ыстық. Қуанса, қуанып, жыласа, жылайсың. Солар үшін ғұмыр кешіп жатырмыз ғой. Ұрпақ аман болсын, солар аман жүрсін. Жәдігер тірі өлік сияқты. Қайтейін... Ендігі оның тағдыры соттың қолында!

5 – көрініс 

(Жалғыз отырған Жәдігердің жанына 2-Жәдігер келеді)

Жәдігер: Серік?! Мен сенің тірі екеніңді сезгенмін!

2-Жәдігер: Мен Серік емеспін! 

Жәдігер: Кімсің сен?!

2-Жәдігер: Мен – Сенмін! 

Жәдігер: Мен кіммін сонда?! 

2-Жәдігер: Сен досын өлтірген Абдуррафихсың! Жәдігерсің сен! Бәрін білесің! Иә, иә, Жәдігер, сен бәрін өте жақсы білесің. 

Жәдігер: Нені? 

2-Жәдігер: Бәрін, өзің туралы шындықтың бәрін...

Жәдігер: Ештеңе білмеймін.

2-Жәдігер: Онда неге сәт сайын күйзеле бересің? Жан баласы ұқпайтын түс көресің?

Жәдігер: Білмеймін. 

2-Жәдігер: Қай жақтан келіп қалады екен деп үмітіңді үзбей, досыңды іздейсің.

Жәдігер: Дос дейсің бе?

2-Жәдігер: Сені қатты шошытқан әлем қайда, сені қатты сүйетін әжең қайда? Жаныңды жаралаған адам қайда, панаң қайда, Жәдігер?! 

Жәдігер: Сағат сайын мазамды алатының не?

2-Жәдігер: Қашпа, қашпа, Жәдігер, қашпа!

Жәдігер: Мен ештеңе білмеймін! Мен... Мен... Мен жолынан адасқан Жәдігермін! 

(Елес жоғалады. Сот үкімі хабарланады)

Ақанов Жәдігер - ҚР-ның Қылмыстық Кодексінің 

257-бабы «Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу» бойынша көзделген қылмыстық іс-әрекет негізінде 7 жылға бас бостандығынан айырылсын!

(Аң-таң болған Жәдігер өз-өзімен күбірлеп сөйлеп кетеді)

Жәдігер: Терезелерді түн сайын Ажал қағады,

Ажардың - алаң, көңілдің - ғазал қонағы.

Ауылымды еске салады, бауырымды еске,

Жолдан адасқан адамның "азандағы әні".

 

Отқа қарадым іңірде... шоққа қарадым,

Сәл қателессем, кеудеме оқ қадалады.

Міңгірлей бердім, бірдеңе бүлдіргендеймін,

Сезініп тұрмын тірліктің тоқтамағанын.

 

Жүректі патша қылғанмын, сананы - уәзір,

Жауызға қарсы көтерер жалауым әзір!

Ашуға булыққан біреу қинады көпті,

Ашудан қорыққан біреу жаралы қазір!

 

"Азандағы әннің" ойыма Ырғағы оралып,

"Суда да - ғаріп", - деді ″жұрт - құмда да - ғаріп!"

Қараңғы қапас ішінде төзімді өлтіріп,

Енді мен ғұмыр кешемін мұңға қамалып!

(Сәл үнсіздіктен кейін)

Қателестім. Адастым. Жаңылдым. Бәріне өкінемін. Бармауым керек еді, кетпеуім керек еді. Жендеттердің жанына жетпеуім керек еді. Бірақ, өкіне бергеннен не пайда?! Өткенді ұмыту да қиын. Өтінемін, менің қателігімді қайталамаңдар, менің жолыммен жүрмеңдер... Өтінемін...

(Сахна қараңғылана түседі. Жәдігерді қара киімдегі сұлбалар тұңғиыққа тартып бара жатады...)


*Раққа, Рейхан, Шам, Багуз, Хама – қала атаулары.

 Марлен Ғилымхан